Жамбыл жаңалықтар

Қола домбыра иегері Інжу Жаңабайды жамбылдық айтыскерлер құттықтады

Сондай-ақ, жас айтыскерге ақсақал айтыскер ағалар бата беріп, сәттілік тіледі

ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti» қоры, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен елордада «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбында өткен «Қола домбыра – 2025» республикалық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Аталған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен іріктеуден өткен 10–18 жас аралығындағы 22 жас айтыскер қатысып, суырыпсалма өнердегі шеберліктерін көрсетті. Айтыстың қазылар алқасы құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі қоғам қайраткері Ринат Зайыт, танымал айтыскер ақындар Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназаров және ақын Иран-Ғайып Күзембаев болды.

Байқау нәтижесінде Жамбыл облысының намысын қорғаған жас ақын Інжу Жаңабай ерекше өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленіп, бас жүлде – «Қола домбыраның» иегері атанды. Дарынды оқушының жеңісі өңірлік айтыс мектебінің өсіп келе жатқан жаңа толқынының табысты еңбегін айқындай түсті.

Жамбылдық талант иесін туған жерінде «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» ұжымы салтанатты түрде қарсы алып, орталық директоры А.Өзбеков жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, жас айтыскерге ақсақал айтыскер ағалар бата беріп, сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, Інжу Жаңабай Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен «Ақберен» республикалық өнер байқауында да үздік өнерімен көзге түсті. 8–11(12) сынып оқушылары арасында өткен бұл дәстүрлі байқау шығармашыл жастардың ұлттық өнерге, сөз мәдениетіне және эстетикалық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

«Ақберен» байқауы биыл үш кезең бойынша – аудандық, аймақтық және республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Нәтижесінде, «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша Інжу Жаңабай I дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал басқа да бағыттарда жоғары нәтиже көрсеткен жамбылдық оқушылардың арқасында Жамбыл облысы үздік команда атанып, бірінші орын мен бас жүлдені жеңіп алды.

Бұл жеңістер – жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты, отансүйгіш сезімді, сондай-ақ сөз өнері мен дәстүрлі мәдениетке құрметті қалыптастырудағы жемісті еңбектің айғағы.