«Қордай жолдарында бір жылда 54 адам қаза тапқан». Үкімет Қарасу-Өтеген арасындағы жолды қашан жөндейді
- авторjambylinfo.kz
- 27 ақпан, 2024
- 1.3k
Сенат депутаты Бекболат Орынбеков 2024 жылдың қаңтарында, яғни, депутаттардың өңірлерді аралайтын кезінде Жамбыл облысындағы республикалық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселелермен танысқанын айтады. Соның бірі - 160 мың халқы бар Қордай ауданындағы республикалық жолдың жағдайы, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Депутаттың айтуынша, Жамбыл облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 194 шақырымды құраса, оның Қордай ауданы арқылы өтетін бөлігі 308 шақырымға созылып жатыр. Аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі жол апаттарының алдын алу мақсатында әртүрлі шараларды қолға алғанмен, апат саны да, адам шығыны да азаймай тұр дейді ол.
«Осы шараларға қарамастан, 2023 жылы Қордай ауданы аумағында 238 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 54 адам қаза болса, оның 168-і республикалық маңыздағы жолдарда орын алып, 46 адам қайтыс болған. Жүргізілген талдауға сәйкес, жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің жылдамдықты асыру және түнгі уақытта ұйқылы жай-күйі салдарынан ғана емес, республикалық маңыздағы жол учаскелерінің қауіпті аумағындағы табиғи және табиғи емес факторлардың себебінен де орын алғаны белгілі болып жатыр. Яғни, жолдың жағдайы, оны ескертетін жол белгілерінің болмауы, қауіпті учаскелерде жарықтандырудың жоқтығы, ауа райы салдарынан құлаған-сынған талдардың уақтылы тазаланбауы, қолайсыз ауа-райында жолды күтіп ұстау жағдайы, қураған ағаштардың кесілмеуі, интернет желісінің ұстамауы сияқты факторлар әсер етеді», - дейді сенатор.
Бұл ретте Бекболат Орынбеков осы аудан арқылы өтетін республикалық маңызы бар 18 шақырымды құрайтын Қарасу-Өтеген аралықтағы жолдың жағдайы (шұңқыр, ойықтар) мүлдем нашар. Бұл аумақтағы жол апаттарының санын азайту үшін ең алдымен жолды күрделі жөндеуден өткізу керек.
«Республикалық маңызы бар осы автомобиль жолы Сортөбе және Ауқатты ауылдарындағы кеден бекеттеріне дейін барғандықтан күнделікті жеңіл көліктерден басқа жүк көліктері де жиі қатынайды. Сортөбе кеденінен жылына 400 000 астам, Ауқатты кеденінен 250 000 астам көлік өтеді. Сонымен қатар, бұл жол бағытымен 65 мыңдай халқы бар 14 ауылдың тұрғындары өтеді», - дейді депутат.
Осыған байланысты Бекболат Орынбеков жаңа премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, өзі атаған жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін қашан және қанша қаражат бөлінетінін сұраған.
Олжас Бектеновтің атымен келген үкіметтің жауабына қарасақ, Жамбыл облысындағы жалпы ұзындығы 68 шақырым жолды жөндеу үшін 2,5 млрд теңге бөлу көзделген.
«Қарасу - Өтеген» автожолының учаскесін күрделі жөндеуді іске асыруға қатысты айтар болсақ, облыс бойынша ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 68 км республикалық маңызы бар автожолдарды күрделі жөндеуді іске асыру жалғасуда, оларға 2,5 млрд теңге көзделген. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде автожолдарды реконструкциялау, жөндеу бойынша толық ауқымды жұмыстар жүргізілуде және бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты барлық жобаларды бір мезгілде іске асыру мүмкін емес», - деп жазылған үкіметтің жауабында.
Бектеновтің жауабынан білгеніміз, ұзындығы 18 км болатын «Қарасу - Өтеген» автожолын күрделі жөндеуден өткізуге негіз болатын жобалық-сметалық құжаттама үшін биыл республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылған.
«Осы жолды күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу мәселесі биылғы республикалық бюджетін нақтылау кезінде, ал 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде одан әрі қаржыландыру мәселесі қаралатын болады. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенге дейін аталған автожолдың техникалық жай-күйі республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау шеңберінде жөнделеді», - деп жазылған Бектеновтің жауабында.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз