дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 22:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қордайда қыруар жұмыс жүзеге асуда

Қордайда қыруар жұмыс жүзеге асуда
ашық дереккөзі
Қордайда қыруар жұмыс жүзеге асуда
Соңғы айларда Қордай ауданында қыруар шаруа атқарылды. Әсіресе, жақында ғана іске кіріскен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының маңызын атап айтуға болады. Ғимаратты жаңғыртуға мемлекет қазынасынан 20 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. Орталық бірден 15 шақты адамға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қауқарлы. Осы іспетті оң жұмыстарға аудан аумағына жасаған сапары барысында облыс әкімінің оранбасары Ержан Жылқыбаев нақты көз жеткізді.
Жұмыс сапары барысында Ержан Жұматұлы Қордайдағы бірнеше ауылды аралап, жоғарыдағы секілді әлеуметтік маңызы бар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мәселен, Масаншы ауылдық округінде орналасқан, жобалық құны 57 млн. теңгені құраған спорт алаңшасы ауылдықтардың игілігіне жарап тұр. Балаларға арналған түрлі алаңдар да бой көтерген. Нысанның аумағы 1300 шаршы метрді алып жатыр.
Сортөбе ауылындағы мәдениет үйінің іргесі қаланғанына алпыс жылдан астам уақыт өтсе де материалдық-техникалық базасы көңілден шығады. Елді мекендегі он шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал аудан орталығының іргесіндегі Әлжан ана ауылына барғанында аймақ басшысының орынбасары биылғы мамыр айынан бері құрылысы жүріп жатқан спорттық-сауықтыру кешеніне соқты. Жалпы жобалық құны 358 млн. теңгені құрайтын нысанның қаржысы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы бөлінген. Құрылыс аяқталған соң, ауыл жеткіншектері мұнда күрес, бокс сынды спорт түрлерімен шұғылдана алады.
Осы ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жыл басында қолға алынып, тамыз айында аяқталған. Бұл жобаға жұмсалған қомақты қаражатқа ғимараттың шатыры, едені, жылыту жүйелері ауыстырылып, жылы дәретхана, су және газбен қамту жүйесі салынған. Бейнебақылау камералары да орнатылыпты. Өз сөзінде Е. Жылқыбаев енді мектеп басшылығы мен ұстаздар заман талабына сай білім беріп, сапаға ден қойып, көрсеткіштерін арттыру керектігін айтты.
Келесі кезекте Е. Жылқыбаев Қордай ауылына да барып, аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына табан тіреді. Орталықтың мамандармен қамтылуы және материалдық-техникалық жабдықталуы өз деңгейінде. Аудандық орталық ауруханадағы ахуалды да жоғары бағалауға лайық. 120 орындық медициналық ұйымның коронавирустың болуы ықтимал келесі толқынына дайындық шаралары жақсы. Оттегі концентраторлары, ИВЛ аппараттары жеткілікті әрі жаңа. Екі айға жететін дәрі-дәрмек қорымен қамту жұмыстары да жолға қойылған.
Сапарының соңында Ержан Жұматұлы аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыстық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі, кеңейтілген отырысын өткізді. Жиында жеткіншектермен жұмыс барысындағы кемшіліктер сөз болды. Көптеген білім ошақтары «Күнделік» электронды журналын талапқа сай жүргізбейді екен. Демек, пән мұғалімдері оқушылардың білімін дұрыс бағаламайды.
– Былтыр ауданда кәмелетке толмағандар арасында 11 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 23 болған. Кәмелетке толмай 37 қыз жүкті болыпты. Бұл мәселелер бәрімізді толғандыруы керек. Құқық қорғау, уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері ең тиімді жоспарды қабылдап, өзара ынтымақтастық орнату қажет. Ата-аналар мен кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығы жоғары деңгейде қалыптасса, құқық бұзушылықтың алдын аламыз, – деді Ержан Жұматұлы өз сөзінде.
  [video width="1280" height="720" mp4="https://jambylinfo.kz/wp-content/uploads/2020/11/1ҢҢҢҢҢҢҢ_29Ң75ҢҢ88893631_16261Ң4791572548647_n.mp4"][/video]
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар