сейсенбі, 2 шілде, 2024 21:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қостөбедегі қос қуаныш

Қостөбедегі қос қуаныш
ашық дереккөзі
Қостөбедегі қос қуаныш

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, аудан аумағында ел игілігіне ұсынылып жатқан нысандар қатары артқаны белгілі. Енді, міне жақсы істер қатары еселеніп, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қостөбе ауылдық округінде қос қуаныш қатар аталып өтті. Қостөбелік тұрғындардың қос қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы барды.

Ел болашағы жас ұрпақ жағдайын қамтамасыз ету мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асуда. Нәтижесінде, ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектерін назардан тыс қалдырмаған облыс және аудан басшылығы «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы орта мектеп ғимаратының жанама құрылысын (оқу бөлмелері, спорт және мәжіліс залдары, асхана) жүргізуге тиісті қаржы қарастырған болатын. Сенбі күні, заманауи талаптарға сай барлық жағдайы қарастырылған жаңа нысан ел игілігіне ұсынылды.

Өз құттықтауын: «Бүгін Қостөбе елді мекеніндегі үлкен қуаныш құтты болсын», - деп бастаған аудан басшысы Нұржан Молдиярұлы биылғы жылы аудан көлеміндегі білім беру саласында атқарылған ауқымды істерге тоқталды. 9 мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары, келесі жылы беруге жоспарланған 300 орындық Бурыл ауылындағы жаңа мектеп пен Қостөбе ауылындағы осы қосымша құрылыс «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқасында іске асқанын атап өтті. Ал, жергілікті бюджет есебінен 200 дана планшет, 100 дана компьютер, 130 дана ноутбук, 1500 роутер, 6 кабинетке керекті жабдықтар алынған.

- Жалпы, биыл ауданға келген қаржының 2 млрд. 100 млн. теңге қаражаты, яғни, 16 пайызы осы Қостөбе ауылдық округіне бөлінді. Оның ішінде, Талас пен Қостөбе елді мекенін ауыз су жүйесіне қосу бар. Талас ауылын ауыз суға қоссақ, осы шарадан соң Қостөбе ауылын да ауыз су жүйесіне қосатын боламыз. Одан бөлек 13 ауыл көшесіне асфальт төселіп, біраз көшеге түнгі жарық жүргізілді. Міне, бес-алты жыл болды, ауыл тұрғындары осы мәселені көтергелі. Алдымен, осы ауылдың азаматы, жеке кәсіпкер Есей Мұхиевке алғыс айтамыз. Сол азаматтың демеушілігімен қосымша құрылыстың жобалық – сметалық құжаттары қайта әзірленген болатын. Одан бөлек, ілкімді істің жанашырлары бола білген Мақын Төлеуғалиева, Қадыр Зулуфов, Сәкен Құрманалиевке, мердігер мен құрылысшыларға да ризашылық білдіреміз. Осы мектеп ел мүддесіне қызмет етіп, білім ордасынан небір айтулы азаматтар шықсын деп тілеймін, - деді Нұржан Нұржігітов.

Мақын Төлеуғалиева, ауыл тұрғыны:

- Бүгінгі қуаныш бәрімізге құтты болсын. Бұл құрылыс облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың арқасында бітті. Біз ол кісімен онлайн байланыс арқылы қабылдауға жазылып, осы мәселені көтерген болатынбыз. Біздің мәселеміз ескерусіз қалмай, елдің тілегі орындалып отырғанына бәріңіз куәсіз. Осы бастамаға қолдау білдірген аудан әкімі Нұржан Нұржігітовке, мердігерлер Сулейман Мадимаров, Арман Раисовқа да барша ауылдастар атынан айтар алғысымыз шексіз.

Сулейман Алдамиров, «Тараз иллигация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

- Біз осы мектептен білімді ұрпақ шығарына сенімдіміз. Бүгін елдің үмітін ақтап, жаңа мектеп құрылысын тәмамдадық.

Осылай, өз тілегін жеткізген серіктестік басшысы Сулейман Турсунходжаұлы мектеп директоры Нұрболат Мамырбаевқа салтанатты түрде табыс еткен соң, лента қию рәсімі орындалды. Рәсімді аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен ауыл тұрғыны Мақын Төлеуғалиева орындады. Жаңа ғимараттың ішіне кірген қонақтар заман үлгісіне сай безендірілген, талапқа сәйкес жабдықталған асхана, мәжіліс және спорт залдары мен оқу бөлмелерін аралап, оң бағасын беріп жатты.

АЙТА КЕТЕЙІК, сонау 1904 жылы бастауыш мектеп ретінде пайдалануға берілген білім ордасы 1962 жылы Н.Крупская атындағы жеті жылдық, 1964 – 2000 жылдар аралығында орталау мектеп, 2001 жылдан жалпы білім беретін орта мектеп болып құрылымдаудан өткен. 2005 жылдан бастап аудан әкімдігінің қаулысымен Қостөбе орта мектебі болып өзгертілген. Жалпы алаңы 1,7 гектар аумақты алып жатқан типтік емес екі қабатты ғимарат 180 оқушыға арналыпты. Елді мекенде халық санының артуына байланысты соңғы 5-6 жылдың көлемінде оқушы саны артып, бүгінде мектептегі оқушы саны 445 құраса, даярлық топта 24 оқушы бар. Оларды 56 ұстаз білім нәрімен сусындатуда. Осы ауылды тұратын 54 оқушы Тараз қаласы және аудан орталығындағы мектептерге қатынап оқиды екен.

*   *   *

Бұдан соң аудан әкімі бастаған топ осы ауылдың екінші қуанышы ауыз су жүйесінің салтанатты ашылуы рәсіміне қатысты. Қостөбе елді мекенінде су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың игілігіне ұсынылды.

Үстіміздегі жылдың наурыз айының соңында аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асқан құрылысқа «Фортис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанған болатын. Жалпы сомасы 549 млн. 647 мың 786 теңгені құраған құрылыс барысын «DanAi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық, ал, «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық тұрғыдан қадағалаған.

Шараның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімі жергілікті жұртты құттықтап, билік өкілдерінің тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөліп отырғандығын және ел игілігі үшін мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретіндігін жеткізді.

«Су – тіршілік көзі, жердің нәрі», - деген дана халқымыз. Бүгінде, аудан бойынша сегіз елді мекенде осындай жұмыстар жүргізілді. Соның бесеуінде биыл ауыз су жүйесін қосып жатырмыз, қалған үш елді мекен келесі жылы пайдалануға берілмек. Біздің жоспарымыз - 2024 жылға дейін барлық елді мекендерді таза сапалы ауыз су жүйесіне қосу. Қостөбе ауылы халқының табысы көбейе берсін, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, - деді Нұржан Молдиярұлы.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қадыр Зулуфов сөз алып, биылғы жылда ауылдық округтегі оң өзгерістерді атап шықты. Ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту ісіне мұрындық болған облыс, аудан, ауылдық округ әкімдеріне шынайы алғысын білдірді. Дәстүрге сай, ауыз су ғимаратының лентасы қиылып, су қондырғысы іске қосылды.

Жалпы, Қостөбе ауылы бойынша су құбыры желісінің ұзындығы 14,5 шақырымды құраса, оған 369 ауладағы екі мыңнан астам тұрғындар таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жалпы құдықтар саны – 412 дана болса, оның ішінде, 92 данасы өрт гидранттары . Жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданған.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,

Байзақ ауданы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар