сенбі, 28 желтоқсан, 2024 3:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

“Патриот болу – Тәуелсіз ел ұрпағының парызы” атты салтанатты іс-шара өтті

“Патриот болу – Тәуелсіз ел ұрпағының парызы” атты салтанатты іс-шара өтті
фото - ашық дереккөзден
Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімі мен Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Бурыл ауылының №6 мектебінің бірлесуімен “Патриот болу – Тәуелсіз ел ұрпағының парызы” атты салтанатты іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, ел қорғау жолындағы жауапкершілік пен адалдықты насихаттау, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, қатысушылар Отанға деген сүйіспеншілік рухында бір сәтке үнсіздікпен тағзым етті.

Іс-шараның ең маңызды бөлігі – “Жас бүркіт” Ұлттық ұлан әскери-патриоттық қозғалысы мүшелерінің ант қабылдау рәсімі болды. Салтанатты түрде сап түзеген оқушылар қолдарын жүрек тұсына қойып, Отанға адал қызмет етуге, еліміздің тәуелсіздігін қорғауға және ел болашағы үшін жан аямай еңбек етуге ант берді. Бұл рәсім олардың жүрегінде патриоттық рухты күшейтіп, ел алдындағы жауапкершілікті терең түсінуге себеп болды.

Шара барысында №6 орта мектебінің директоры Қ.Үкібаева сөз сөйлеп, жастарды ел қорғау мен мемлекет мүддесін сақтау жолында белсенді болуға шақырды. “Патриоттық сезім – Тәуелсіздіктің тірегі. Біз, егемен еліміздің ұрпақтары, әрқашан ел бірлігін сақтап, оны нығайтуға тырысуымыз керек,” – деді Құралай Сқаққызы.

“Патриот болу – әрбір азаматтың қасиетті парызы,” – деп атап өткен майор Н.Рахымбай “Бүркіт” арнайы жасағының офицерлерімен бірге “Жас бүркіт” Ұлттық ұлан әскери-патриоттық қозғалысы мүшелерінің ант қабылдау рәсіміне қатысып, жас ұрпаққа тағылымды сөздерін арнады.

Нұрсұлтан Қайратұлы өз сөзінде патриотизмнің тек сөзбен ғана емес, нақты істермен дәлелденетін асыл қасиет екенін айтты. “Ел қорғау – тек батылдықтың ғана емес, сондай-ақ адалдық пен білімнің, тәртіп пен төзімділіктің ісі. Біз, әскери адамдар, еліміздің тәуелсіздігі мен бейбіт өмірінің күзетшісіміз. Бірақ бұл тек біздің ғана міндетіміз емес. Әр азамат елінің болашағы үшін жауапты. Бүгін ант қабылдаған жастарымыз сол жауапкершілікті сезініп, нағыз патриот болуға қадам басуда,” – деді ол.

Майор Н.Рахымбай оқушыларға ерлік пен адалдықтың маңыздылығын айта отырып, әскери өмірдің қатаң тәртібі мен жауапкершілікке толы екенін түсіндірді. Ол “Бүркіт” арнайы жасағының тәжірибесін мысалға келтіріп, сарбаздардың күнделікті қызметінің тек физикалық дайындық қана емес, рухани тұрақтылықты да талап ететінін ерекше атап өтті.

Ант қабылдау рәсімінің әрбір сәті ерекше әсерлі болды. Сап түзеген оқушылар ел алдындағы міндетін сезініп, Отан қорғауға, адалдық пен ерлікті жоғары ұстауға уәде берді. Бұл рәсімнің жас ұрпақ үшін өмір бойы ұмытылмас оқиға болатынын атап өтті.

№6 орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы запастағы капитан С.Керімжанов: “Бүгінгі таңда сіздер өз өмірлеріңіздегі маңызды шешімдердің бірін қабылдадыңыздар. Бұл тек ант емес, бұл – сіздердің жүректеріңізде мәңгі сақталатын елге деген адалдықтың символы. Біз сіздерге сенеміз, сіздер Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын қорғап, нығайтуға үлес қосасыздар,” – деп, сөз соңында жастарды елін, ерін сүюге, бірлік пен бейбітшілікті сақтауға шақырып, олардың патриоттық рухын одан әрі арттыру мақсатында осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті. “Жастар – біздің болашағымыз. Сол болашақ жарқын болуы үшін әрқайсыңыз патриот болуға міндеттісіздер,” – деп, ол жас буынға ақылын айтты.

Сонымен қатар, іс-шара аясында қояқ қолтық күресінің техникалары көрсетіліп, көрермендерге әскери өмірдің қызықты әрі жауапты тұстары таныстырылды. Оқушылар әскери бөлім сарбаздарымен пікір алмасып, олардың күнделікті қызметі жайлы көп мәлімет алды.

Бұл іс-шара жастардың бойында Отанға деген махаббатты оятып қана қоймай, олардың өмірлік мақсатына жол сілтейтін маңызды оқиға болды. Қатысушылар өздерінің алған әсерлерін бөлісіп, патриотизм рухын одан әрі дамытуды мақсат етті.

“Патриот болу – әр ұрпақтың парызы” деген сөздер іс-шараның басты ұранына айналды. Мұндай игі бастамалар болашақта да жалғасып, еліміздің бейбіт өмірін сақтау жолында қызмет ететін жаңа ұрпақтың қалыптасуына септігін тигізеді деп сенеміз.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар