Жамбыл жаңалықтар

Полиция департаменті: Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеді

Бұл туралы жергілікті полиция департаменті мәлімдеді

Жамбыл облысының Полиция департаментінде 2024 жылдың 9 айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жиын барысында ПД бастығы Бақытжан Малыбаев Мемлекет басшысы мен ҚР Ішкі істер министрінің "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы бөліністердің  есебін тыңдады.

Есепті кезеңде өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 11,5%-ға аз тіркелді. Ауыр қылмыстар 10,4%-ға, ауырлығы орташа қылмыстар - 21,9%-ға, пәтер ұрлығы - 2,6%, ұялы телефон ұрлығы - 39,3%-ға, мал ұрлығы - 19,4%-ға төмендеді. Сондай-ақ алаяқтық деректерінің тіркелуі 12,1%-ға қысқарған.

Оң динамика туралы айта келе, Б.Малыбаев бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

Кейбір қылмыстық істер бойынша сараптаманың уақтылы тағайындалғанына қарамастан, тергеу әрекеттері ұзақ уақытқа созылады. Сондай-ақ, оқиға орнында қызметкерлер қойылған міндеттерді толық көлемде орындамайды. Жедел қызметтерге деректермен уақтылы алмасу тапсырылды.

ПД бастығы балалардың құқықтарын қорғау үшін полицияның мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды. Оның ішінде бопсалау мәселесіне мұқият назар аудару керек. 5-11 сынып оқушылары арасында анонимді сауалнама өзекті мәселелерді уақытында анықтауға көмектеседі.

- Мүлікті ұрлауға қатысты алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет. Қызметкерлер әрдайым кінәні жәбірленушілердің өздеріне жүктейді. Бірақ халықпен тығыз жұмыс жасау арқылы қылмыстың алдын алуға болады. Бұл мәселе мал ұрлығына да қатысты. Қазір соғым маусымы жүріп жатыр. Иесіз, ешбір қараусыз мал жаюға жол бермеңіздер, мамандандырылған тұраққа жіберіңіздер, олардың иелерін іздеңіздер, бірақ қылмыскерлерге мүмкіндік бермеу керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да қатаң бақылауында, - деді ПД бастығы.

 Мал мен ет өнімдері сатылатын базарларда, сауда орталықтарында рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру міндеті қойылды.

Б. Малыбаев қызметкерлерге Ел Президентінің отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында алдын алу жұмыстарын жүргізу туралы қойған міндеттерін жеткізді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл желісі бойынша күш-жігер ұйымдасқан қылмыстық топтарды жоюға бағытталатын болады. Қызметкерлер есірткі жарнамасы бар жазуларды бояп қана қоймай, оларды қолданатын адамдарға да шығады.

Отырыста қаралған тағы бір басым бағыт – алаяқтыққа қарсы іс-қимыл.

Жолдардағы апаттық жағдай да күн тәртібінен алынбайды.

- Әр азамат өзін қауіпсіз сезінуі керек. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді және тиімді жұмыс істеуі тиіс. Заңды бұзған кез келген адам жазалануы керек. Әдемі сандар үшін емес, нақты нәтижелер үшін жұмыс жасаңыздар, - деп түйіндеді Бақытжан Малыбаев.

Жамбыл облысында бір күннің ішінде 2500-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды 2024 жылдың 21-23 қазаны аралығында құқықтық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында  "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Рейдтік іс-шара барысында тәулік ішінде 29 қылмыс ашылды, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны немесе алып жүргені үшін 14 адам ұсталды. Сонымен қатар, ҚР ІІО-да есепте тұрған 1837 адам тексерумен қамтылып, белгіленген шектеулердің 23 бұзушылығы анықталды. Сондай - ақ, 2384 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішудің немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүрудің 152 дерегі және жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 126 дерегі анықталды.

Полицейлер тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын 490 азаматты анықтады. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 52 бұзушы жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болған 156 кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-аналары мен заңды өкілдеріне хаттамалар толтырылды.

Тиісті құжаттарсыз автокөлікті басқарған 621 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Және мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін 18 жүргізуші, сондай-ақ ЖҚЕ бұзғаны үшін 516 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Жамбыл облысы Полиция департаменті тұрғындардан кез-келген құқық бұзушылықтар үшін заң бойынша жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

Жамбыл облысының жолдарында 12 мыңнан астам ақау анықталды — 332 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың автожолдарында 2633 тексеру жүргізіліп, 16,5 мың шақырымға жуық жол тексерумен қамтылды. Тексеру барысында облыстың жолдарынан 12044 ақау анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жол құрылысына жауапты мекеме басшыларына орындау үшін 2633 нұсқама берілді. Берілген нұсқамалардың негізінде жолдарға 1297 жол белгісі, 3 бағдаршам нысаны орнатылды, 10 мың шақырымнан астам жол таңбасы жаңартылып, 11 мың шаршы метрге жуық шұңқырларға жөндеу жүргізілді. Автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 332 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол-техникалық инспекция қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша Тараз қаласы әкімдігінің, Т. Рысқұлов және Меркі аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.