Президент тапсырмалары өңірде іс жүзінде орындалды
Президент тапсырмалары өңірде іс жүзінде орындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда жауаптыларға жүктеген тапсырмалары өңірде іс жүзінде орындалып жатыр. Президент жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені қазір аграрлық сала ең негізгі проблеманың бірі. Аграрлы аймақ саналатын Жамбыл облысында вегетация кезеңінде жер емген диқандарды сумен қамту аса маңызды мәселе. Себебі асып-тасып жатқан су жоқ. Жерүсті су ресурстарының 80 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. Сондықтан айырқалпақты ағайынның көңіліне қарауға мәжбүрміз. Мәселен қыс, көктем-жаз мезгілдерінде тауға жауын-шашынның аз түсінен 2021 ағын су Қырғыз елінде де өте өзекті мәселеге айналды. «Тауда арқардың мүйізі сырқыраса, ойда сиырдың мүйізі қақсайды» демекші, қырғыздар қуаңшылықтың зардабын тартып жатқанда Жамбыл облысындағы ахуал айтпаса да түсінікті. Дегенмен жұмыла әрекет етіп әрі құрғақшылықтың салдарынан туындаған қиындықтарға байланысты ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілуінен сынаққа толы болған өткен жылды ойдағыдай аяқтай қалдық. Көзді ашып-жұмғанша 2022 жылдың вегетация кезеңі де аяқталуға таяды. Қазіргі таңда тек қызылша алқаптары ғана суарылуда. Жуырда вегетация кезеңінің аяқталуына байланысты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалы мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз турын ұйымдастырып, облыстық, республикалық басылымдардың, телеарналардың тілшілері тоғыз айда атқарылған жұмыстарға қанықты. Баспасөз туры аясында Жолдау жүктеген міндеттердің Жамбыл облысында жүзеге асуы, яғни, су тапшылығын жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар, су қоймаларының, құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі, вегетация кезеңінің қорытындысы таныстырылды. БАҚ өкілдері алдымен Жамбыл ауданына ат басын бұрып, «Ирригациялық дренаждар жүйесін жетілдіру жобасының 2 фазасы» жобасы аясында құрылысы жүргізілген каналдардың жай-күйін көзбен көрді. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, аталған жоба шеңберінде бүгінде облысымыздың 3 ауданында (Жамбыл, Қордай, Шу) орналасқан су шаруашылығы нысандарына «Халықаралық қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жарқын жоба 212,2 шақырым болатын 51 нысан күрделі жөндеуге және 15,172 мың гектар суармалы алқаптың мелиортивтік деңгейін жақсартуға мүмкіндік бермек. – Жамбыл ауданындағы «Қапал» каналын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақындады. Мердігер – «Тамас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Каналдың ұзындығы – 80 шақырым 986 метр. Қалпына келтіру жұмыстары барысында лотоктар қойылып, монолитті бетон құйылды. Жалпы жөндеу жұмыстарына 10 техника, 20 жұмысшы тартылған, – дейді Қ.Қошқарбекұлы. Баспасөз турына қатысушылар келесі кезекте Жамбыл ауданындағы «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативіне барды. Журналистерге сұхбат берген кооператив төрағасы Нуриддин Бегманов биыл судан тапшылық көрмегенін, тиісінше өнімділік те жоғары болғанын жеткізді. – Кооперативтің 2 мың гектарға жуық жерінің 500 гектарын суғарамыз. «Ирригациялық дренаждар жүйесін жетілдіру жобасының 2 фазасы» жобасының арқасында суармалы жеріміз көбейді. Шынымды айтсам, бұрын егін еккенде көңілімізде қорқыныш басым болатын. Себебі су болмай қалып, еңбегің зая кетуі әбден мүмкін. Канал бетондалды. Су сарқырап ағып тұр. Енді судан тарықпаймыз деп ойлаймыз. Су жеткілікті болғандықтан келесі жылдан бастап қызылша алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл 100 гектарға қызылша ексек, келесі жылы 200 гектарға жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда енді жұмыс істеуге, егін егіп, табыс тайқазанын тасытуға ешқандай кедергі жоқ, – деген Нуриддин Әділетұлы сушыларға алғысын жеткізді. Келесі кезекте баспасөз туры «Еуропа қайта құру және даму банкі» есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан «Сеңкібай» каналының бойында жалғасты. Мердігер – «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған компания өкілінің сөзіне сүйенсек, құрылыс жұмыстарына 30 жұмысшы, 10 техника жұмылдырылған. Ұзындығы 21,8 шақырымды құрайтын каналдың 3 шақырымы бетондалған. Осы орайда Қазыбек Қошқарбекұлы «Еуропа қайта құру және даму банкі» арқылы Байзақ ауданында бұдан бөлек Берікшал Имашев атындағы (МР-4) және Тұрсын Әбішев атындағы (МР-3) каналдарына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. – МР-3 каналының жоба бойынша 8,60 шақырымына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуге тиісті болатын. Қазіргі таңда 8,10 шақырымы жөнделді. Ал МР-4 каналының 6,77 шақырымы плитамен қапталды. Негізі 7,4 шақырымы қалпына келтірілуі керек. Вегетациялық кезеңнің толық аяқталмауына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың суару кезеңі басталуына дейін толық аяқталады деген жоспар бар, – дейді Қ.Бедебаев. Құрылыс басында жүрген бірнеше шаруашылық төрағалары қалпына жұмыстары өте сапалы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, жауапты мекеме мен мердігер компания басшыларына ризашылығын жеткізді. Негізі бұрын да каналдан біздің ауылға дейін су жіберетін. Бірақ каналдың ең соңғы нүктесінде орналасқандықтан біздің ауылға, егістікке су жетпейтін. Себебі жер арна болғандықтан су жерге сіңіп кетеді. Әйтеуір, талай жыл жанымызға батқан қиындықтан да құтылдық. Сондықтан игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді «Шөлтөбе-Агро» өндірістік кооперативінің төрағасы Ахмет Кембаев. Сондай-ақ баспасөз туры аясында журналистер Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» өндірістік кооперативінің қызылша және жоңышқа алқабына барып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Кооператив төрағасы Саха Манатов биыл 200 гектарға қызылша, 250 гектарға жүгері, 25 гектарға көкөніс еккенін, қазан айының соңына дейін жиын-терінді толықтау аяқтау жоспарлап отырғанына тоқаталды. – Ойдағыдай өнім алудың бірден-бір кепілі – су. Егер су болмаса өнім де болмайды. Мәселен біздің кооперативтің 700 гектар суармалы жері бар. Әрине 700 гектарды сумен қамту оңай емес. Мәселен өткен жылы қызылша алқабын 2 рет қана суғарсақ, биыл 5 рет суғардық. Осыдан-ақ биыл судың мол болғанын түсінуге болады. Өткен жылы қызылшаның гектарынан 300 центнерден өнім алдық. Қызылша жинауды 15 қазанда бастап, 15 күнде аяқтауды жоспарлап отырмыз. С жеткілікті болды. Қызылшаның шығымы жаман емес. Сондықтан гектарынан 700-800 центнерден өнім аламыз деген ойдамыз, – дейді Саха Манатов. «Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асуы және вегетация кезеңінің қорытындысы» тақырыбында өткен баспасөз туры Байзақ ауданында қорытындыланды. БАҚ өкілдері Байзақ пен Талас аудандарының шекарасында салынатын «Ақмола» су қоймасының құрылыс орнына арнайы барды. Баспасөз турын қорытындылап журналистерге сұхбат берген «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев 2023 жылы «Ақмола» су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.