сенбі, 15 наурыз, 2025 5:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Рамазан айы: Таразда сотталғандар қолөнер бұйымдарын мешітке сыйлады

Рамазан айы: Таразда сотталғандар қолөнер бұйымдарын мешітке сыйлады
Фото - ашық дереккөз
Игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ

Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің облыс бойынша №58 мекемесінің сотталғандары жасаған қолөнер бұйымдары «Әл-Әділ» мешітіне сыйға берілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Игі шараға мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімі инспекторы, әділет аға лейтенанты Асыл Әуен мен теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобының инспекторы, әділет лейтенанты Бексұлтан Бекмолдаев ұйытқы болды.

Сотталғандар өз қолдарымен ағаштан ойып, қиюластырып жасаған бұйымдарын қасиетті айда мешітке тарту етуді жөн көрген. Бұл олардың түзелу жолындағы ізгі ойларының, қоғамға пайдасын тигізуге деген талпынысының бір көрінісі.

– Сотталған азаматтар қолөнермен айналыса жүріп, өмірге деген жаңа көзқарас қалыптастырады. Олар өз еңбектерінің бағаланғанын, қоғамға қажет екенін сезінгенде, бойларында сенім ұялайды. Бұл олардың түзу жолға түсіп, қайта қылмыс жасамауына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі, – дейді әділет аға лейтенанты Асыл Әуен.

Өз кезегінде «Әл-Әділ» мешітінің имамы бұл сыйлықтардың рухани маңыздылығына тоқталып, игі іске атсалысқан жандарға ризашылығын білдірді.

– Рамазан – ізгілік пен қайырымдылықтың айы. Сондықтан мұндай бастамалар әр адамның жүрегіне жылылық ұялатады. Сотталған азаматтардың жасаған еңбектері олардың жаңа өмірге бастар қадамының белгісі деп білеміз, – деді ол.

Сотталған азаматтардың қолынан шыққан бұйымдар мешіт аумағында қолданылып, жамағаттың игілігіне жарамақ. Бұл – олардың қоғамнан шет қалмағанының, керісінше, пайдалы іске атсалысып жатқандығының айғағы.

Игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар