жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Құрмет" орденіне ие болған Мұратбек Нысанов қалай табысты кәсіпкерге айналды

"Құрмет" орденіне ие болған Мұратбек Нысанов қалай табысты кәсіпкерге айналды
Ашық дереккөз
Қараша айының ортасында Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумы еліміздің агросекторындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.

Жиында Президент бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргізілгенін, жақсы нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті. 

– Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асылтұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар.

Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс, – деді Президент.

Сондай-ақ Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырған еді. 

– Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады. 

Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық.

Еңбекқор, мақсаты айқын азаматтарымыз күнделікті маңдай терімен ұлттық байлығымызды еселеп, ел келешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосуда. Мұндай іспен айналысып жатқан адамдарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шынайы патриоттарын ынталандырып отыру керек. Біз бұл шаруаны назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Осындай ел дамуына шынайы үлес қосып жүрген жандардың бірі – жуалылық кәсіпкер, «Ali-Ko Sut-2023» ЖШС директоры Мұратбек Нысанов.

2021 жылы Б.Момышұлы ауылында ашылған шағын сүт цехы бүгінде өңірге ғана емес, республикаға танылған серіктестікке айналды. 

Мұратбек Нысанов басқаратын кәсіпорын экологиялық таза өнімдерімен нарықта тұрақты сұранысқа ие.

Зауыт толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталған: пастерлеу аппараттары, ірімшік ванналары, сепаратор, май және құрт дайындауға арналған құрылғылар Ресейден сатып алынған.

Алғашқы жылдары өндірісті жолға қою, нарыққа шығу сияқты қиындықтар болса, бүгінде кәсіп орнықты даму жолына түскен.

Қазіргі таңда мұнда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал өнім түрлері сегіз атаудан асады: сарымай, қаймақ, айран, сүзбе, құрт, ірімшік, чечил, брынза.

Өнім Жуалы ауданы мен Тараз қаласында ғана емес, Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында да сатылып, тұтынушылар сеніміне ие болып келеді.

Зауыт алғаш ашылған кезде күнделікті 500 литр сүт өңдесе, бүгінде сұраныс артқан маусымдарда 4 тоннаға дейін шикізат қабылдай алады. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындардан тәулігіне шамамен 2 тонна сүт жиналып, одан жарты тоннадай дайын өнім нарыққа жөнелтіледі.

Бұл – өңірдегі сүт кластерін дамытуға қосылған айтарлықтай үлес.

Елордадағы форумда Мұратбек Нысановтың ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі еленіп, ол Мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен марапатталды.

Кәсіпкер бұл қуанышты сәт жайлы былай деді:

–Мемлекет басшысының қолынан марапат алу — мен үшін үлкен құрмет болды. Бұл орден менің ғана емес, Жуалыдағы әріптестерімнің, ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға деп білем. 

Ауыл шаруашылығы — ел қауіпсіздігінің тірегі. Біз сүт өндірісін дамытуда да, жаңа технологияларды енгізуде де тоқтаусыз еңбек етіп келеміз. Президенттің сенімі — бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Енді бұдан да жоғары нәтижелер көрсетуге міндеттіміз.

Жас мамандарды тәрбиелеу, тәжірибе бөлісу — менің парызым. Салаға жаңа серпін әкелетін білімді жастарды дайындау арқылы ауылдың ертеңін қалыптастырамыз. Бұл марапат бізге ары қарай да табандылықпен еңбек етуге күш береді.

Зауыт ішіндегі жұмыстың қызу қарқыны кәсіпорынның дамуын айқын көрсетеді. Технологтан бастап зертханашыға, ірімшік пен құрт жасайтын мамандарға дейін әр қызметкердің еңбегі – тұтас бір өндірістің тірегі.

Еңбеккерлердің адал еңбегі мен маңдай тері – елдің дамуына қосылған үлес екеніне ешбір дау жоқ. Ендеше, іске сәт!

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар