Құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озды
- авторjambylinfo.kz
- 24 желтоқсан, 2020
- 374
Осыдан бірнеше жеті бұрын ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында 15-ықшамауданда көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сол күні пәтер кілттерін табыс ету салтанатына қатысқан көпшіліктің қатарынан біз де табылып, жүрек толқытар сәттің куәсі болдық.
Көптен күткен армандары ақиқатқа айналған тұрғындардың сол сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Сырттай тамашалап тұрып-ақ көз сүйсінеді. Әсіресе жүрегі жарылардай қуанып, төбесі көкке жеткендей болып жүрген жас жігіт бәріміздің назарымызды еріксіз аударды. Бір өзі айналаны азан-қазан етіп, жарқын күлкісімен төңіректі нұрландырып жібергендей болды. Қар адамын көргендей таң-тамаша болып қарап тұрған көпшілікті елейтін де емес. Пәтеріне бір кіріп, бір шығады. Әйтеуір бір орнында байыз таппайды. Көптен оқшауланып, шеткерірек тұрған анасын қайта-қайта құшақтайды. Анасы да толқығаннан бір жылап, бір күледі.
Салтанатты шара аяқталып, ел аяғы саябырсығанда қуаныштан есі шығып жүрген жігітті жаңа қонысымен құттықтап, әңгімеге тарттық. Тілші екенімізді айтып, өзімізді таныстырғанымыз сол екен, ойымызды айтпай-ақ түсінгендей әңгімесін бастап та кетті. – Бірнеше жылдан бері Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында ұстаздық қызмет атқарып келемін. Жұмыстан қол босағанда тұрғындарға такси қызметін ұсынып, жаңадан бой көтеріп жатқан 15-ықшамауданға талай мәрте жолым түсетін. Сонда сәні мен салтанаты жарасқан тұрғын үйлерді көргенде «құрқылтайдың ұясындай болса да өз пәтерім болса екен» деп талай мәрте армандадым. Аталған ықшамауданға клиент әкелген сайын әрқайсынан пәтерді қалай алғанын, қандай құжаттар жинағанын сұрастырып, қиын дәнеңесі жоқ екеніне көзім жетті. Сөйтіп анам екеуміз Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитке екі жыл бойы ай сайын ақша салып, 1 600 000 мың теңге жинадық. Пәтердің 20 пайызын, яғни алғашқы жарнаны толық жинағаннан кейін құжат жинауға кірістік. Машақаты көп құжат жинау жұмыстары қажытқанда «қашан бітіп, қашан пәтерімнің кілтін қолыма алар екенмін» деп ойлаушы едім. Міне, өздеріңіз көзбен көріп тұрғандай екі жарым жылдан аса уақытта екі бөлмелі пәтер алып, көптен күткен арманымызға қол жеткіздік. Әрине құжат жинау барысында түрлі қиындықтар, кедергілер болды. Қазір ойлап отырсам, бүгінге дейін пәтер жалдауға 2 миллионға жуық ақша жұмсаған екенбіз. Ал сатып алуға мүмкіндік болмады. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысқанды жөн көрдім. Пәтерді он тоғыз жылға несиеге алғалы жатқанымды естігенде достарым, әріптестерім ойымнан айнытпақ та болды. Дегенмен алған бетімнен қайтпадым. Себебі он тоғыз жыл болса да ең бастысы басқаға емес, өз үйіме төлеймін. Өзіңнің басыбүтін баспанаң болғаннан артық бақыт бар ма? Сондықтан да анам екеумізді шексіз бақытқа бөлеп, жуық уақытта қол жетпестей болған арманымды ақиқатқа айналдырған облыс әкімдігіне, құрылысын жүргізген мердігер компанияға отбасымыздың, тұрғындардың атынан үлкен алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды Еділ Бестерек. Кейіпкеріміз айтып өткендей, қоныстой – әр адамның өміріндегі ең үлкен қуаныш. Қуантатыны биыл облысымызда қоныстойы басқа тойлардың алдына түсіп кетті. Ағымдағы жылы бюджеттен барлығы 25,1 миллиард теңге бөлініп, облыста 3 822 пәтерлі, 66 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы 2236 пәтерлі 38 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланыпты. Яғни 2236 отбасы баспаналы болады. Біздіңше бір жыл үшін өте жақсы көрсеткіш. Қазіргі таңда 1200 пәтерлі 21 тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал 931 пәтерлі 17 тұрғын үй жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде. Сонымен қатар «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылысына 33,2 миллиард теңге бөлінген.
Жалпы биыл 460,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 7 пайызды құрапты. Әрине мұның бәрі облысымызда тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға барынша басымдық беріліп, нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқанының айқын дәлелі. Әлемді жайлаған індетке байланысты түрлі қиындықтар туындаса да облысымызда құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озды. Құрыш қолды құрылысшылар жұмысқа қарқын берсе, екінші жақта қоныстойын тойлаушы тұрғындар арқа-жарқа. Қала халқының саны өсіп, тұрғын үйге деген сұраныс көлемі күн санап артып жатқан кезеңде баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың ерекше қарқын алғаны көңіл қуантады.
Талғат НҰРХАНОВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз