Сананы улаған синтетикалық есірткі
Сананы улаған синтетикалық есірткі
АЖАЛ АПАНЫ Синтетикалық есірткі дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр. Мамандардың пікірінше, бұл синтетикалық заттар адам ағзасында тәуелділікті тез қал ыптастыратынд ығымен ерекшеленеді. Оны бір рет тұтынған адамның орталық жүйке жүйесі зақымданады да, қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт кетеді. Оны саудалаушыларға керегі де осы. Кеше ғана шапқылап жүрген жанның аяқасты есірткіге тәуелді міскінге айналып шыға келуінен талайлар есепсіз табыс тауып отыр. Статистикалық деректер синтетикалық есірткіге тәуелді болатындардың басым көпшілігі 14- 21 жас аралығындағы жасөспірімдер екенін айтады. Ең қорқыныштысы, олардың қатары ай, жыл емес, күн санап артып келеді. Мәселен, Темірлан есімді азамат зиянды заттың кесірінен 2019 жылдың шілде айында Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ҚР ҚК-нің 297 және 296-баптарына сәйкес 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Жазасын өңірлік ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/2 (қауіпсіздігі орташа) мекемесінде өтеген. Ал 2020 жылдың қазан айынан бастап қалалық пробация есебінде тұрады. – Есіртікінің кесірінен өмірім астаң- кестең болды. Алғаш татып көргеннен-ақ ағзамда тәуелділік пайда болды. Есірткіден бас тарта алмай қалдым. Бір рет дәмін көрген адам бұл кеселден құтыла алмайды. Бұл – психологиялық тәуелділік. Есірткі сатылымы да желілік маркетинг сияқты. Жалғыз өзі есірткі қолдануға қорыққан адам міндетті түрде досын жанына қосып алады. Қоя алмағаныма, іздеп тұратын дәрменсіз халге түскеніме өкінемін. Туысқандарыма обал, – дейді жігіт. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандар синтетикалық есірткілердің әсері марихуанадан әлдеқайда күшті екенін айтып, дабыл қаққалы қашан. Осыдан оншақты жыл бұрын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әртүрлі шөп қоспаларын ел аумағына әкелуге тыйым да салған. Бірақ оларды әкелуге тосқауыл қойылғанмен, пайдалануға тыйым салынбады. Есірткілер тізіміне енгізілмеді. Ең сорақысы, бұл синтетикалық есірткіні тұтынушы бір шеккеннен-ақ тәуелді болып қалады екен. Психикаға зияны да көп. Мысалы, «Мені біреу аңдып жүр» немесе Қазандағы мектепте атыс шығарған жас жігіт секілді «Мен Құдаймын» деп жастар арасында ақылынан адасуы осы синтетикалық есірткіден болуы ғажап емес. Бұл есірткіден құтылғанның өзінде психикалық аурулардан айығу мүмкін емес екен. Тағы бір айта кететіні, табиғи есірткі пайдаланған адам ары кетсе 10 жыл өмір сүреді, ал синтетикалық есірткіге тәуелді адам бар болғаны 2-3 жыл ғана ғұмыр кешеді, дейді мамандар. Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі – каннабиноидтар, яғни спайс. Бұл «тұздар» деп те аталады. Адамды өзіне бірден тәуелді ететін бұл есірткі Қазақстанға Қытайдан жеткізіліп отыр. Спайс деп аталатын темекі қоспасы да бар. Оның құрамына психобелсенді әсер беретін шөптер енеді. Әсіресе шалфей, көк лотос, гавайлық раушан гүлінің күші адамды мәңгіртіп тастауға толық жетеді. Кейіннен зерттеулер жүргізгенде, ұнтақтан қарасорада кездесетін синтетикалық заттектер каннабиноидтердің бірқатары табылды. Өндіруші шөп қоспасына дамыған елдердің көбінде тыйым салынған синтетикалық психобелсенді заттектерді қосқан. Мұндай есірткі түрлері Ресейде де, Еуропа елдерінде де кеңінен тарап отыр. Әлемде синтетикалық есірткінің 240-тан астам түрі бар. Бірқатар елдерде синтетикалық еліткіш заттар есірткілер тізіміне енген. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық наркотиктерге қатаң тыйым салынған. БІЗДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ? Тараз қалалық №3 пробация бөлімінің бастығы Қуаныш Халықтың айтуынша, өңірде жалпы есірткі бойынша 630 ад ам Қаз ақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296 және 297-бабы бойынша жазасын өтеуде. Ал абақтының қоршауынан биыл 6, былтыр 8 есірткі лақтыру фактісі тіркелген. Жамбылдық сақшылар есірткі сатып жастардың санасын улап жүргендерді құрыққа түсіруде аянып қалып жатқан жоқ. Айталық, ағымдағы жылдың 13 мамырында ғимараттардың қабырғаларындағы синтетикалық есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларды жою мақсатында Тараз қаласында «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында жастар акциясы өткен. Іс-шарада волонтерлер Тараз қаласындағы Қазыбек би көшесіндегі №106, 108, 110 мекенжайында орналасқан үйлердің қабырғаларынан есірткі заттарды жарнамалайтын кодтық сөздері мен байланыс нөмірлері бар жазулардың граффитиін өшірді. Жақында облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі таратып жүрген екі жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде күдіктілерден таратуға дайындалған 15 пакет синтетикалық есірткі (мефедрон) тәркіленді. Олардың әлеуметтік желідегі хат-хабарларын зерделеу барысында күдіктілердің есірткіні жасырын орындарға қойғаны анықталған. «Клиенттермен» хат алмасуда көрсетілген орындарда полиция қызметкерлері Тараз қаласы мен оның маңайында жасырылған есірткіні алты сағаттың ішінде тауып, жойды. Нәтижесінде мефедрон жасырылған 29 орын анықталды. Барлығы 44 доза тәркіленді. Ұсталғандар кінәларын мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар биылғы 18 тамызда облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметк ерлері «Малыш» атты қызметтік-іздестіру итін пайдалана отырып, жедел ақпаратты іске асыру барысында Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» шағын ауданында синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 17 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. – Күдіктіні ұстап, тінту барысында шалбарының қалтасынан көк және қара түсті орамаға оралған 32 бума табылып, тәркіленді, оның ішінде жалпы салмағы 12,76 грамм «@-PVP» синтетикалық есірткі заты болған. Ұсталған күдікті кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Есірткі заттарын өткізу мақсатында оны аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағанд ардың мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады,– деді Жамбыл облысының ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі А.Жұмабеков. Б иыл ғы мамыр айын д а есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметк ерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласында 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту жүргізу кезінде оның киімінің қалтасынан Альфа-PVP синтетикалық есірткі заты оралған 84 дана полиэтилен түйіншегі табылды. Сонымен қатар оның көлігінен тағы 50 пакет табылып, тәркіленді. Есірткі Черныш атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен анықталды. Сондай-ақ күдікті есірткі сақталған тағы 16 орынды өз еркімен көрсетті. Тәркіленген тыйым салынған заттардың жалпы салмағы 60 грамнан асты. Бұл бір ғана жыл, жыл болғанда да тек жаз айында болған жайттар. Айта берсек мұндай мысалдар жетерлік. Десе де жамбылдық полицейлер есірткі саудасын қыздырып, ақшаға кенеліп отырғандарды ұстауда барынша жауапкершілік танытып жүргендері жоғарыда келтірілген деректерден байқалып тұр. Олар тек қаскөйлерге іздеу салып қана қоймай, жастарға арам пиғылдылардың шырмауына ілінбеуін қадағалап, тәрбие ісіне де үлкен мән беріп отырады. Мәселен, облыстық кино орталығы және білім басқармасының қолдауымен, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының назарына кинофильм ұсынылды. Тараз кинотеатрында мектеп оқушылары мен колледж студенттері есірткі заттарының қауіптілігі туралы «Тұздар мен Спайстар», «Ешқайда жол жоқ» фильмдерін тамашалады. Фильмде нашақорлармен жұмыс істейтін мамандар синтетикалық есірткіге тәуелділіктің қандай зиян әкелетіні туралы өмірден нақты мысалдар келтіре отырып баяндайды. – Жастардың назарын нашақорлықтың зардабы мәселесіне аударудың маңызы зор. Әрбір жасөспірім, шын мәнінде, қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін. Бүгінгі таңда синтетикалық есірткі үнемі әр түрге өзгеріп отырады. Жастар өздерін және басқаларды тек қызығушылық деп алдайды. Алайда наркологтар бір жылдан бері синтетикаға тәуелділіктің бірден пайда болатыны туралы дабыл қағуда. Сондықтан әуестенбес бұрын оның салдары туралы жүз рет ойлану керек. Есірткі «ауыр» немесе «жеңіл» болмайды. Оған тәуелді адамға «бір жақты ғана билет» кепілдендірілген. Осыған байланысты, ата-аналарды балалары баратын, көретін интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді назарға алып, жіті бақылауға шақырамыз, – дейді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков. ЕСІРТКІ САТУ ЕКПІНДЕП ТҰР Есірткінің жасырын жарнамасын қоғамдық орындардан көптеп кездестіруге болады. Мысалы, сіз көп қабатты үйлердің қабырғаларынан, дуалдардан түсініксіз граффитиді, аэрозоль бояулармен жазылған жазуларды, хэштегтер мен сызбаларды көрдіңіз делік. Бұл нашасыз тұра алмайтындарға арналған белгі, ымдар. Әрине, бұл қатарда біздің шаһар да бар. Есірткі саудасымен айналысатындар, «тәжірибелі» тұтынушылар мұның Telegram-каналдағы есірткі сататын дүкендердің мекенжайы екенін бірден біле қояды. Әлеуметтік желіні осындай мақсатқа пайдаланғандар ешқандай нақты дерексіз-ақ сауда қыздырып жатыр. Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн арқылы ілігіп жүр. Себебі синтетикалық есірткілер н е гіз ін е н ин терн ет арқыл ы сатылады. Ал елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни, сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып алынады, төлем де онлайн жасалады. Кейіннен сатып алушы мен саудагер түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша барлық іс белгісіз арақашықтықта жасалады. Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны да түсінікті. Себебі бұл есірткі түрінің еркін саудасы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, «синтетик аның» жарнамасы жалт-жұлт еткен сан түрлі сайттарға бақылаудың жоқтығы – осының барлығы онсыз да күрделі мәселені ушықтырып келеді. Биылдың өзінде Қазақстанда есірткінің таралуына қатысты 1606 сайт, аккаунт және басқа да ресурс анықталып, бұғатталды. Бұл туралы 15 тамызда өткен брифингте ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің өкілі Данияр Оралов айтты. Сонымен қатар тұрғындар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен есірткі сатуға арналған интернет-ресурстарға сілтемелер бар 4160 граффити жойылды. Жалпы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл жеті айда 1491 есірткі қылмысы анықталыпты. Оның ішінде 874 сату және 227-ден аса ірі көлемде есірткіні сақтау фактісі анықталды. Жыл басынан бері барлығы 4,5 тонна түрлі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 2,2 тонна марихуана, 400 келіден астам гашиш және 87 келі синтетикалық есірткі бар. Синтетикалық есірткіге қатысты 890 қылмыс тіркелді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында 23 дәрі-дәрмек зертханасы жойылды. Қазір әлеуметтік желінің көп шаруамызды жеңілдетіп қойғаны рас. Бірақ медальдың екінші жағы болатыны сияқты әлеуметтік желі заңмен тыйым салынған заттарды тарату мен қолдануға мүмкіндік жасап отыр. Есірткімен күресу – адамзат ұрпағының бүгінгі таңдағы көкейтесті мәселелерінің бірі. Сондықтан онымен күресу, сақтану, бойды есірткіден аулақ ұстау, саламатты өмір салтын ұстану – адамзат ұрпағының келешекке жетелейтін ұстанымы. Есірткі саудасы – ел үшін де үлкен қатер. Мұның зардабын көбіне қарапайым халық тартуда. Осы күнге дейін есірткімен күрес мақсатында көптеген әскери операция өткізіліп келеді. Тәркіленген есірткі көлемі алып айсбергтің тек бізге көрінетін бөлігі ғана.