Жамбыл жаңалықтар

Сарбаздар  - ел қорғаны

«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» - деп Ата заңда көрсетілгендей, туған жұртын сүю, Отанына қалтқысыз қызмет ету әрбір ел азаматының қасиетті борышы.

 Кез келген елдің айбынын білдіретін – ұлттық әскер. Бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты болуы, барлық жағдайға сақадай сай болуы аса маңызды.

Елін қорғау – әр бозбаланың абыройлы міндеті. Еліміздің Қарулы Күштері қуатты болсын десек, қайсар, отаншыл жандардың әскер қатарында көп болғаны дұрыс. Елдің қорғанысы тек заманауи қару-жарақ, соңғы үлгідегі көліктер мен тың тактикаға ғана байланысты емес. Әскердің айбынын асырып, қуатты ететін басты күш – жауынгерлік рух. Осыны білген бабаларымыз отан сүйгіштік қасиетті баласына бесіктен сіңірген. Ел ертеңі саналатын өрендерді ұлтжандылыққа тәрбиелеу әрбіріміздің міндетіміз.

 Ер адамдардың жастайынан әскери формаға қызығып, 18 жасқа толысымен Отан алдындағы борышын өтеуге асығатыны бабаларымыздан қалған батырлық жолдың үлгісіндей. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың бойынан Отанға адал қызмет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтау, ең қымбат қазынамыз -Тәуелсіздігімізді қорғау, ар-намысты биік ұстау, ұлтын сүю секілді патриоттыққа баулитын қасиетті ұғымдар жете танылуда. Соның арқасында қазіргі уақытта әскерге шақырушылардың қатары өсуде.

«Қазір әскерге баруға ниет білдірген жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Жастардың басым бөлігінің бойынан отансүйгіштік, әскери өмірге деген құлшыныс пен талпынысты байқауға болады. Азаматтық борышын атқаруға деген ұмтылыстары ерекше. Елімізде әскерге шақырудың күзгі науқаны басталып, әскери қызметке шақыру жұмыстары қызу жүріп келді. Қазір әскерге барған азаматтарға көптеген жеңлдіктер жеңілдіктер бар. Өйткені әскерге барғандар Отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, жоғары оқу орындарына түсуге мол мүмкіндіктер алады. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті, себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш екені бәрімізге белгілі.

Сөзімді аяқтай келе «Елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара», - деген ұлағатты сөз бар. Ел ертеңі бейбіт болуы үшін – жастарымыздың, яғни сарбаздарымыздың отаншылдық рухы биік болуы, Отан десе өр мінезді, қайратты азаматтарымыздың көп болуы аса маңызды

 Аға прокурор Бексұлтан Шаяхметов