жұма, 26 желтоқсан, 2025 19:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сарыкемерде жаңа жыл қарсаңында пәтер кілттері табысталды

Сарыкемерде жаңа жыл қарсаңында пәтер кілттері табысталды
Ашық дереккөз
Отбасы бақытының басты тірегі – баспана

Халықты тұрғын үймен қамту бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында Байзақ ауданында жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жаңа жыл қарсаңында, сондай-ақ ауданымыздың Байзақ баба есімін иемденгеніне 30 жыл толуына орай «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес Сарыкемер ауылы, Қ. Орынқұлов көшесінің ІІ бұрылысындағы тұрғын алқабында жаңадан салынған тұрғын үйлер пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев арнайы қатысып, қоныс иелерін қуанышымен құттықтады.

— Елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту – Мемлекет басшысының қойған басым міндеттерінің бірі. Міне, бүгін жаңа жыл қарсаңында «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған 12 тұрғынға пәтер кілттері табысталып отыр. Бұл тұрғын үйлердің құрылысын жеке кәсіпкер Алмас Іргебайұлы толық аяқтап, баспаналар республикалық және аудандық бюджет қаражаты есебінен сатып алынды. Бүгін баспаналы болып отырған ауыл тұрғындарын жаңа қоныстарымен құттықтаймын, — деген аудан басшысы қоныс иелеріне денсаулық, ал балаларына елге елеулі азамат болып өсуін тілеп, пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.

Шара барысында сөз алған Жамбыл облысы бойынша «Отбасы банк» филиалының директоры Нұрлан Темірбекұлы:

— 2025 жылғы 24 мамырдан бастап Қазақстанда тұрғын үй алу кезегі «Отбасы банк» АҚ-ның «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» базасына ауыстырылды. Осы орайда Жамбыл облысында алғаш болып Байзақ ауданында кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттері табысталып отыр. Бұл – жаңа жүйенің алғашқы бастамасы. Алдағы уақытта бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, — деді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар