Жамбыл жаңалықтар

Сарысу ауданында «Таза Қазақстан» акциясының аясында жаңа саябақ ашылды

Ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жан-жақты өтіп жатыр

Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Сарысу ауданы Жаңатас қаласының кіреберісінде «Таза Қазақстан» саябағы ашылды, деп хабарлайды jambylinfo.kz Сарысу аудандық Ішкі саясат басқармасының ақпаратына сілтеме жасай отырып.

Саябақтың ашылуына аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудан ардагерлері, зиялы қауым, қоғамдық ұйым өкілдері,  мекеме және кәсіпорын қызметкерлері, сондай-ақ ауданның жастары қатысты.

Шара барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық  акциясы «Өнегелі ұрпақ» апталығымен жалғасып жатқанын, осы экологиялық науқанның аясында ауданда ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын атап өтті.

Бұдан кейін Сарысу аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов сөз алып, елдің ауызбіршілігі, ықыласы осындай ынтымақты, жарасымды тірлікке бастайтындығын айтып, жылы лебізін білдірді.

Жаңа саябақтың лентасын аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Басие Абдрахманов және Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев салтанатты жағдайда кесті.

Саябақтың ашылуына келген азаматтар жаңа саябаққа тал екті. Айта кетейік, бүгін «Өнегелі ұрпақ» апталығының бірінші күнінде жаңа саябаққа Жамбыл облысының 85 жылдығына орай 85 шырша, Жаңатас қаласының 55 жылдығына орай 55  тал егілді.