Сарысулықтардың өзекті мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі - Б. Сапарбаев
Сарысулықтардың өзекті мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі - Б. Сапарбаев
Жаңатас қаласына биыл газ жетеді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Сарысу ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Басқосуда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Бұдан соң аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев оң көрсеткіштер мен алдағы жоспарлы жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2021-2025 жылдар аралығында аудан аумағында жалпы құны 1 трлн. теңге болатын 13 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Сонымен қатар, биылғы жылы 2 ірі зауыттың, яғни «ЕвроХим»(химиялық кешені) мен «Qazaq Soda» ЖШС-нің құрылысы басталады деп күтілуде. Құрылыс барысында 3 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылатын болады. Өткен жылы ауданда 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 316 отбасы баспаналы болған. Ағымдағы жылы 160 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған.
Одан кейін аудан тұрғындары жарыссөзге шығып, толғандыратын сауалдарын жолдады. Олар негізінен әлеуметтік көмек, суармалы су, баспана, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, мал шаруашылығына қатысты мәселелерді көтерді.
Бұдан соң аймақ басшысы бірқатар сарысулық тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудандағы жұмыс сапары кезінде Бердібек Сапарбаев Жаңатас қаласының орталық қазандығының қызметімен арнайы танысып, жылыту маусымының өту барысын тексерді. Айта кетейік, әлеуметтік желілерде жаңатастық тұрғындар жылытуға қатысты көптеген шағымдарын білдіріп, облыс басшысының атына өтініштер қалдырған болатын.