дүйсенбі, 23 маусым, 2025 3:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Саясат Нұрбек Жамбыл облысына келді

Саясат Нұрбек Жамбыл облысына келді
Ашық дереккөз
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне ресми сапармен келді.

Министр университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, профессор-оқытушылар құрамымен және басқарушы құраммен маңызды кездесу өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Сапар аясында Саясат Нұрбек алдымен университет жатақханасына барып, студенттерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды көрді. Жатақхананың ішкі жағдайы, қауіпсіздік пен тазалық деңгейі, заманауи стандарттарға сәйкестігі бағаланды. Бұл – министрлік үшін жоғары білім беру жүйесін тек оқу мазмұны ғана емес, студенттің жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру арқылы көтеру қажеттігін айғақтайды.

Кездесуде министр еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің қолжетімділігіне баса назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда оқу ақысы салыстырмалы түрде төмен.

«Мәселен, АҚШ-та жоғары білім алу құны орта есеппен 27 мың АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш – шамамен 2000 доллар. Бұл – біз үшін бәсекелік артықшылық әрі әлеуметтік әділеттілік», – деді министр.   

Дегенмен, тек қолжетімділік жеткіліксіз. Министр сапалы кадр дайындау, академиялық адалдық пен еңбек нарығына бағытталған практикалық білім беруді күшейтудің маңызын атап өтті.

Саясат Нұрбектің айтуынша, 2027 жылы Қазақстанда жарты миллионнан астам түлек мектеп бітіреді. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Соған сәйкес, ЖОО-дар алдында бірнеше маңызды міндет тұр. Атап айтсақ, білім беру орындарының материалдық базасын кеңейту, оқытушылар құрамын жасарту мен күшейту, оқу бағдарламаларын цифрландыру мен икемді ету, және ең бастысы – еңбек нарығы талаптарына бейімдеу.

«Біз қазірден бастап дайындалмасақ, жүйе жүктемеге төтеп бере алмайды. Бұл — тек сан емес, сапа мәселесі. Студент – тұтынушы емес, ел болашағы», – деп атап өтті.

Министр қазіргі студенттердің — альфа мен зумер ұрпақтарының — мүлде бөлек дүниетанымға ие екенін айтты. Бұл — тек ақпараттық технологияға бейімдік емес, құндылықтар жүйесінің өзгеруі, оқыту мотивациясының трансформациясы.

«Бүгінгі студент – YouTube арқылы білім алатын, жасанды интеллектпен тілдесетін, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлға. Сондықтан университеттер классикалық білім моделінен көп векторлы даму платформасына айналуы керек», – деді.

Саясат Нұрбектің сөзінше, қазіргі жастар – мүлде басқа когнитивтік модельмен өсіп келе жатқан ұрпақ.

«Біз бұрын жүрекпен не мимен бағаласақ, олар көзбен қабылдайды. Сондықтан оқу орнына кіргеннен-ақ дизайн, орта, энергия маңызды. Бұл – визуал арқылы сендіру заманы», – деді министр.

Осы орайда университеттердің тек мазмұн емес, формаға, яғни кампус пен аудитория дизайнына, цифрлық инфрақұрылым мен креативті кеңістіктерге ерекше көңіл бөлуі қажет. Себебі қазіргі буын – эстетика мен функционалдықты қатар бағалайды. Білім беру кеңістігі – студенттің мотивациясын арттыратын күшке айналуы тиіс.

Кездесу соңында министр университет ұжымымен естелік суретке түсіп, білім саласында жоспарланған реформалар мен өңірлік серіктестіктер туралы пікір алмасты.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар