дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 14:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Саяси науқан: Жамбылда дауыс беруге арналған 508 референдум учаскесі жұмыс істеуде

Саяси науқан: Жамбылда дауыс беруге арналған 508 референдум учаскесі жұмыс істеуде
Jambylinfo.kz
Референдумға келіп, таңдау жасағандар аз емес

Жамбыл облысында таңғы сағат 07:00-ден бастап дауыс беруге арналған 508 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Еліміз үшін ең маңызды шешім қабылдау үшін таңертеңнен дауыс беру учаскелеріне ағылған жамбылдықтардың да қатары қалың болды,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Биыл 2 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 
Бірінші болып қала тұрғыны Анар Тілепова да осынау маңызды күнде ел болашағына бей-жай қарамай, өзі тіркелген №28 дауыс беру учаскесіне келіп дауыс берді.
«Біздің жасаған таңдауымыз Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды. Сондықтан мен ұлт пен ұрпақ болашағы үшін Президент бастамасын қолдап дауыс бердім» деді ол.
Өз кезегінде №28 дауыс беру учаскесі алғаш болып дауыс берген тұрғынға арнайы сыйлық табыстады.
Қала орталығында орналасқан №28 дауыс беру учаскесіне келушілер қатары қалың болды. Мұнда арнайы бақылаушылар да дауыс берудің ұлттық заңнамаға және халықаралық талаптарға сай өтуін назарда ұстады.
«Бүгін республикалық маңызды науқан өтіп жатыр. Бақылаушы ретінде біз дауыс беру талаптарының бұзылмауын, бір адамның екінші мәрте дауыс бермеуін бақылауда ұстап, қадағалаудамыз. Дәл қазіргі сәтте №28 дауыс беру учаскесінде ешқандай заңсыздықтар орын алмады» дейді «Жастар үні» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Дина Әби.
Еске сала кетейік, облыста дауыс берудің заң талаптарына сай өтуін қадағалау мақсатында 3616 комиссия мүшелері жұмыс атқарды.
*
Референдум қарсаңында әулиеаталық жастар да белсенділік танытуда. Солардың қатарында Жамбыл жоғары медицина колледжінің студенті Нұрасыл Тұрлыбай да бар.
Жас сайлаушы №68-ші дауыс беру учаскесіне келіп алғаш рет маңызды шешім қабылдауда өз үлесін қосқанына өте қуанышты екенін жеткізді.
«Болашақ – жастар мен жаңа технологияларда. Сондықтан өз болашағым үшін таңдау жасадым. Менің дауысым кемел келешегімнің кепілі екендігіне сенімдімін», – дейді колледж студенті Нұрасыл Тұрлыбай.
Сондай-ақ, аталған дауыс беру учаскесінде азаматтар үшін мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған. Мәселен, мұнда дауыс берушілер тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы секілді ақыл-ой ойындарынан бәсекеге түсіп, бақ сынасты.
«Тарихи сәттің бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Бүгін учаскеге дауыс беруге келіп, сүйікті ісіме бет бұрмай өте алмадым. Шахмат ойнау хоббиім, интелектуалды ойын түрімен жастайымнан айналысып келемін», – дейді дауыс беруші Мұхтар Назықов.
Бұдан өзге референдум учаскесінде келушілерге арналып ән шырқалып, мерекелік көңіл-күй салтанат құрды. Мұнда арнайы келген жас бүлдіршіндерден бөлек, дауыс берушілер өз қалаулары бойынша ән айту үшін жағдай жасалған.
«Бүгін еліміз үшін әр азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан біз келушілердің көңіл-күйінің көтеріңкі болуы үшін қолайлы жағдай жасаудамыз», – дейді №20 дауыс беру учаскесі комиссиясының төрағасы Марат Ибраимов.
*
Айтулы күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен қатар, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қызмет атқарып жүрген қоғам белсенділері, ардагерлер, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов секілді азаматтар дауыс берді. Бұл қатардан сан салада елеулі еңбек еткен қоғам қайраткері Қасымхан Төлендиев те табылды.
«Бүгін еліміз өз болашағы үшін таңдау жасауда. Азаматтық құқығымды пайдаланып, отбасыммен бірге өскелең ұрпақ үшін, немерелерім мен шөберелерім үшін дауыс бердім. Біз үшін ең маңыздысы – ел болашағы. Мемлекетіміздің тұрақты өркендеу жолын таңдауы», – деді Қасымхан Төлендиев.
Айтулы күнде №28 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің аумағында №19 және №20 дауыс беру учаскелері жұмыс істеді.
*
Парижде өткен жазғы паралимпиада ойындарында жүзуден күміс медаль иегері атанған Нұрдаулет Жұмағали №20 дауыс беру учаскесіне арнайы келіп дауыс берді.
«Бүгін біз ұлт болашағы үшін таңдау жасаудамыз. Референдум халқымыздың саяси белсенділігін арттырып, азаматтық қоғам құндылықтарын айқындай түседі», деді Нұрдаулет Жұмағали.
Саяси науқанның ел болашағы үшін маңызды екендігіне баса назар аударған паралимпиада ойындарының жүлдегері дауыс берушілерді белсенділік танытуға шақырды.
Айта кетейік, облыс бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 717039 азаматқа шақыру қағаздарын таратуға 2 566 комиссия мүшелері, 2 865 ерікті және 388 полиция қызметкер жұмылдырылып, барлығы 410 мыңнан астам аула, пәтерлер араланып, жалпы саны – 716 680 дана бірыңғай белгіленген форматта шақыру қағаздары таратылып, кері байланыс орнатылды.
*
Жалпыұлттық рефендум бірқатар жамбылдықтардың туған күнімен тұспа-тұс келді. Айтулы күні айшықты мереке иелері де өз таңдауын жасады.
Осы күні 34 жасқа толып отырған Нұрсұлтан Иманқұлов есімді тараздық тұрғын да №20 дауыс беру учаскесіне келіп таңдау жасады.
«Бүгін мен үшін де, еліміз үшін де айтулы күн. Себебі, туған күнімде таңдау жасау бақытына ие болып отырмын. Еліміздің тарихында сақталатын естен кетпес оқиға мен үшін де қымбат естелікпен есте қалатын болады», – дейді туған күн иесі Н.Иманқұлов.
*
Елдің келешегі үшін маңызды шешім жасалар сәтте референдумға тараздықтар белсенді қатысты. Қаладағы №30 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында орналасқан №66 және №67 сайлау учаскелеріндегі қарбаласты көріп, тұрғындардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтындарын байқадық. Мұнда референдумға тап-тұйнақтай әзірлік те аңғарылады. Тарихи сәтте өз таңдауын жасаған тұрғындардың біразын сөзге тартып, пікір сұрап едік. Көбі «Елімізде АЭС салынып-салынбауы болашағымыз үшін өзекті. Сондықтан өз таңдауымызды жасауға асықтық» дейді.
Осы мектептегі №66 сайлау учаскесіне 2578 сайлаушы тіркелсе, №67 учаскеде 2364 тұрғын дауыс береді.
Осындағы сайлау учаскелеріне жауапты мектеп әкімшілігі таңдау жасауға келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін концерттік бағдарлама дайындап, ыстық бауырсақ таратты. Сонымен қатар, сайлаушылар үшін түрлі спорттық ойындардан жарыс та ұйымдастырған.
– Немерелерден шөбере сүйіп отырған әжемін. Әрбір көрген таңыма шүкірлік етемін. Келер күнді көрер ұрпақтарымыз ештеңеден тарықпай, бақуатты өмір сүруі үшін бүгін әрекет етуіміз керек. Келер күннің қамын ойлаған бүгінгі сайлауға да осы мақсатта өз таңдауымды жасау үшін келдім, – дейді ұлымен бірге дауыс беруге келген 78 жастағы алтынқұрсақты ана Манзура Керімбаева.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар