Сенат депутаты Тараздың тарихи және шығармашылық орталарымен танысты
- авторБақытжан Бекболат
- 4 шілде, 2025
- 179

Сапар барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдыралы Тараз қаласындағы «Қолөнершілер үйі» креативті хабының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Орталықта ұлттық қолөнерді жаңғырту, шеберлерге қолдау көрсету және жастардың шығармашылығын дамыту бағытындағы жобалар таныстырылды.
Бұдан соң Шерхан Мұртаза атындағы руханият орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі мен Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы ұжымымен кездесу өтті. Кездесу барысында тарихи мұраларды сақтау, қорғау және насихаттау мәселелері көтеріліп, ұсыныстар мен жоспарлар талқыланды.
Сондай-ақ депутат Тараз қалалық мәдениет үйінде орналасқан «Тараз жастар театрының» ұжымымен жүздесті. Жастардан құралған өнер иелерінің қойылымын тамашалап, шығармашылық ізденістеріне оң бағасын берді.
Сапар соңында облыстың шығармашыл жастарының қатысуымен ашық форматтағы кездесу өтті. Еркін пікір алмасу алаңына айналған бұл жиында жастар өз идеяларымен бөлісіп, қолдау мен ынталандырудың маңыздылығы сөз болды. Дархан Қыдыралы жас буынның белсенділігіне жоғары баға беріп, олардың бастамаларын қолдауға дайын екенін атап өтті.