сейсенбі, 18 наурыз, 2025 4:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сенаторлар сапары: Су шаруашылығы саласында кадр тапшылығы мәселесі қашан шешіледі

Сенаторлар сапары: Су шаруашылығы саласында кадр тапшылығы мәселесі қашан шешіледі
Алтынбек Қартабай
Бұл туралы комитеттің көшпелі отырысында айтылды

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сенаторлар сапар аясында алдымен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің жұмысымен танысты. 
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылған білім ордасында «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен қамтамасыз етудің инженерлік желілері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» секілді 53 білім беру бағдарламасы бар. 
ЖОО-да бүгінгі күні 124 студент грантта оқып жатыр. 

Оқу орнының басшылығы биыл гидрологиялық зерттеу жұмыстарын бастамақ.  Дей тұрғанмен, жаңадан құрылған университетте шешімін күткен мәселелер бар. Бұл туралы депутаттарға  Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің проректоры айтты. 


- Біз бүгінгі күні ғылыми жұмыстарға қажетті қондырғыларды сатып алуға тарсырыс беріп отырмыз. Өйткені, оқу бағдарламасының 60-70 пайызы осы қондырғылармен байланысты. Осыған қолдау керек болып тұр. Сонымен қатар оқу корпустары да ескірген. Жөндеу жұмыстарын қажет етеді,- деді Ғалия Томарова. 
 

Депутаттар жоғары оқу орнының корпустарын аралап, оқу бағдарламаларында қолданылатын құрал-жабдықтарды көрді. 
Сенатор Ольга Булавкина су шаруашылығы саласында кадр тапшылығы мәселесі өзекті екенін атап өтті. 

- ЖОО басшылығымен сөйлесе отырып білгеніміздей, оқу орнында жұмыспен қамту үлесі 60 пайыз деңгейінде. Бұл кадр тапшылығының айқын көрінісі. Бірақ, бұл саладағы жас мамандардың белгілі бір аумақтарда жұмыс істеуге құлқы жоқ. Өйткені, жалақы аз. Бұған дейін су шаруашылығындағы жалақы 70-100 мың теңге көлемінде болған. Жақында ғана бұл 200 мың теңгеге көтерілді. Көріп отырғанымыздай бұл да көп қаржы емес,- деді сенат депутаты. 

Мәселелерді назарға алған сенаторлар студенттерге сапалы білім беру бойынша нақты шаралар қабылдануы керек екенін айта келе, қолдау көрсетілетінін де жеткізді. Бұдан кейін халық қалаулылары су ресурстарын тиімді пайдалану және су саласы үшін кадрлар даярлауды қамтамасыз ету мәселесі жөніндегі комитеттің көшпелі отырысына қатысты.

Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек баяндама жасап, облыстағы су ресурстарын тиімді игеру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап облыстың алты ауданында  халықаралық банктерден алған несие есебінен құны 37,84 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні бөлінген қаражаттың 28,44 млрд теңгесі игеріліп, ұзындығы 727,24 км болатын су жүйелері қайта жаңғыртылып, 46 дана ұңғыма қазылған. Осылайша өңірдегі 47,5 мың га суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артқан. Осылай деген облыс әкімінің орынбасары бірқатар күрмеулі мәселені де атап өтті. 


- Облыста Сенаттың және Үкіметтің қолдауын қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Мәселен, суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап облыстың алты ауданында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен аталған екі жоба бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, мердігерлердің жосықсыз жұмысына байланысты үйлестіру кеңесінің хаттамасымен жобалардың аяқталу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айына ауыстырылды. Бұл өз кезегінде, жыл сайынғы вегетациялық кезеңнің өткеру сапасын төмендетуде. Осыған орай, аталған жобаларды белгіленген мерзімде аяқталуына ықпал етулеріңізді сұраймыз,- деді Әбілқайыр Тамабек. 


Бұдан кейін жиында министрлік, жергілікті су шаруашылығы саласының мамандары баяндама жасап, аталған саладағы өзекті мәселелерге назар аудартты. Өз кезегінде комитет төрағасы Әли Бектаев алдағы бес жылда су шаруашылығы саласында кадр даярлау мәселесін жолға қою күн тәртібінен түспейтінін айтты. Өйткені, осы уақыт ішінде бұл салада 1700 маманға қажеттілік туындайды. 

- Жамбыл облысын су шаруашылығы кадрларын дайындайтын қара шаңырақ деп атасақ болады. Өкінішке қарай, соңғы 10-15 жыл бұрын институт жабылып қалған еді. Қазір бұл саладағы мамандар әр өңірде оқытылады. Бірақ, сапасы төмен. Қолдағы есепке сүйенетін болсақ, алдағы 5 жылдың көлемінде елімізде 1700 ден астам маманға тапшылық туындайды. Қазір Таразда мамандарды оқытатын университет жұмысын бастады. Ол жерде материалдық-техникалық базаны, тиісті ұжымды, жүйелі жұмысты қалыптастыру үшін көп жұмыс жасау керек. Бұл бойынша біз жедел шаралар қабылдамасақ, ертеңгі күні кадр тапшылығына ұшырайтынымыз анық. Алдағы төрт жылда су шаруашылығын дамыту бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. Біздің мақсатымыз – су шаруашылығы саласындағы атқарылатын жұмыстарды заңнамалық негізде қамтамасыз ету,- деді Әли Бектаев.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар