Жамбыл жаңалықтар

Сенаторлар сапары: Су шаруашылығы саласында кадр тапшылығы мәселесі қашан шешіледі

Бұл туралы комитеттің көшпелі отырысында айтылды

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сенаторлар сапар аясында алдымен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің жұмысымен танысты. 
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылған білім ордасында «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен қамтамасыз етудің инженерлік желілері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» секілді 53 білім беру бағдарламасы бар. 
ЖОО-да бүгінгі күні 124 студент грантта оқып жатыр. 

Оқу орнының басшылығы биыл гидрологиялық зерттеу жұмыстарын бастамақ.  Дей тұрғанмен, жаңадан құрылған университетте шешімін күткен мәселелер бар. Бұл туралы депутаттарға  Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің проректоры айтты. 

Депутаттар жоғары оқу орнының корпустарын аралап, оқу бағдарламаларында қолданылатын құрал-жабдықтарды көрді. 
Сенатор Ольга Булавкина су шаруашылығы саласында кадр тапшылығы мәселесі өзекті екенін атап өтті. 

Мәселелерді назарға алған сенаторлар студенттерге сапалы білім беру бойынша нақты шаралар қабылдануы керек екенін айта келе, қолдау көрсетілетінін де жеткізді. Бұдан кейін халық қалаулылары су ресурстарын тиімді пайдалану және су саласы үшін кадрлар даярлауды қамтамасыз ету мәселесі жөніндегі комитеттің көшпелі отырысына қатысты.

Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек баяндама жасап, облыстағы су ресурстарын тиімді игеру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап облыстың алты ауданында  халықаралық банктерден алған несие есебінен құны 37,84 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні бөлінген қаражаттың 28,44 млрд теңгесі игеріліп, ұзындығы 727,24 км болатын су жүйелері қайта жаңғыртылып, 46 дана ұңғыма қазылған. Осылайша өңірдегі 47,5 мың га суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артқан. Осылай деген облыс әкімінің орынбасары бірқатар күрмеулі мәселені де атап өтті. 


Бұдан кейін жиында министрлік, жергілікті су шаруашылығы саласының мамандары баяндама жасап, аталған саладағы өзекті мәселелерге назар аудартты. Өз кезегінде комитет төрағасы Әли Бектаев алдағы бес жылда су шаруашылығы саласында кадр даярлау мәселесін жолға қою күн тәртібінен түспейтінін айтты. Өйткені, осы уақыт ішінде бұл салада 1700 маманға қажеттілік туындайды.