Сенаторлар Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын жоғары деңгейде өткізуді ұсынды
Сенаторлар Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын жоғары деңгейде өткізуді ұсынды
Сенатор Әбдәлі Нұралиев көрнекті қайраткер, қазақ әдебиетінің корифейі Шерхан Мұртазаның туғанына тоқсан жыл толуын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде атап өтуді ұсынды. Бұл туралы ол премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.Көрнекті тұлғаның мерейтойын лайықты атап өту үшін сенатор халық жазушысының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм түсіруді ұсынды. Сонымен қатар, депутат халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, танымдық іс-шаралар өткізуді, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы көшелерге, сондай-ақ елордадағы жаңадан бой көтерген мектептердің біріне жазушының есімін беруді ұсынды. «Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгер Шерхан Мұртаза Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдап сөйледі. Ел, жер, тіл мәселелерін өткір көтерді. Жазушы шығармашылығын кеңінен насихаттау жастардың рухани-адамгершілік дамуына оң әсер етіп, тұлға болып қалыптасуына зор септігін тигізеді», - деді депутат.