Шөлдаланың шамдары жарқырай түспек
Шөлдаланың шамдары жарқырай түспек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасының шапағаты біздің өңірде де байқалуда. Қазір қай қала, қай ауылда да тұрғындар мұқтаждықтарын ашық айтып, әкімдерге талапты еркін қоя бастады. Мәселенің ашық айтылғаны дұрыс. Алайда, біздің өңірде 1 миллион 150 мыңдай халық тұратынын ескергеніміз жөн. Әрине, осынша тұрғынның мәселелерін бір күннің ішінде шешіп тастау мүмкін емес. Ал қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, қалалар құлпырып, ауылдардың ажары ашыла беретіні күмән туғызбайды. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек Тараз қаласына қарасты №11 округ тұрғындарымен кездесіп, мәселелеріне құлақ асып, мемлекет тарапынан жасалатын бүгінгі таңдағы мүмкіндіктерді түсіндірді. Айта кетейік, №11 округке Шөлдала, Құмшағал, Көлтоған, Казарма, Қызылабат, Жиделі деген 6 иін (массив), 27 саяжай қарайды. Облыс басшысының орынбасары әуелі Құмшағал ауылының әкімшілігінде бірнеше иіннен жиналған тұрғындарды жақын арада жүзеге асатын жақсы жаңалықпен қуантты. Жазылбек Еркінұлының айтуынша, аталған 6 ауыл мен 27 саяжайға электр жүйесін тарту үшін жобалық смета әзірленіп, республика тарапынан қолдау тауып отыр екен. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, бұйырса күзге дейін электр жүйесі тартылмақшы. Мұнан бөлек аталған округ тұрғындарын табиғи таза ауыз сумен қамту үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатқаны, келесі жылдың басында бұл мәселе де шешімін тауып қалатыны айтылды. Ұлан Еркінұлы құмшағалдықтарға мұның барлығы Мемлекет басшысының көңіл аударуымен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауының арқасында мүмкін болып отырған жетістіктер екенін жеткізді. Дегенменде бұл кездесу жиынында тұрғындар өздерін мазалаған өзге де мәселелерді жасырып қалмады. Мәселен, ауыл тұрғыны Ғалымжан Әбішев көшелерді жарықтандыру мәселелерін көтерсе, Құрманәлі Тәттібек ауылды абаттандыру жұмыстарын ұмытпауды еске салды. Ал Көпжан Мерайымов болса саяжайда тұратынын, бірақ тұратын мекенін Тараз қаласының тіркеліміндегі тұрғын үй есебіне (саяжай деп тіркелген) тіркете алмай жүргенін, соның салдарынан Президент, Парламент сайлаулары кезінде тізімге ілікпей, дауыс бере алмағаны туралы айтты. Қызылабат ауылының тұрғыны Рүстем Нұрмаханов электр желісі мен таза ауыз судың келетініне қуанышты екенін айта келіп, Қызылабаттағы жаңа көшелердің картасы жоқ екенін, қай жерде жол, қай жерде тұрғын үй тұруы қажеттігін нақты белгілеп беруді сұрады. Ал «Локомотив» саяжайының тұрғыны Өмірзақ Төлеуов, «Металлист» саяжайының тұрғыны Базаркүл Байжекеева бұрын электр жарығынан көп қиналғанын, сәл жел тұрса, жарықтары жалп етіп сөніп, мазалары кеткенін айтып, бүгінгі жаңалыққа ерекше қуанышты екенін, жақсылыққа сенетіндерін сөз етті. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары аталған мәселелердің бәрі маңызды екенін, шетінен шешімін табатынын айтып, мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы бойынша біздің облысқа 61 миллиард теңге қаражат бөлінгенін, оның барлығы халық игілігіне жұмсалатынын әңгімеледі. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Шөлдала иініне арнайы барып, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Мұнда 70-тен астам үйде 500-ден астам тұрғын бар. Шөлдалалықтар да электр жүйесі тартылып, таза ауыз су келетінінен хабардар болды. Ауыл тұрғындары Фатима Шонаева мен Пірманбек Мақашевтың айтуына қарағанда 70 үй тиісті мекемеге электр төлемі үшін 642 мың теңге қарыз. Түсінгеніміз – барлық тұрғындардың үйінде электр шығынын есептегіш құралы болмаған. Сөйтіп тұрғындар электр энергиясының құнын ортақ кассаға төлеп тұрыпты. Бірақ, бәрібір мойындарында үлкен көлемде қарыз тұр. Электр жарығы мекемесінің мамандары бұл қарыз әр үйге дейінгі ток тасымалы шығынына байланысты аз көлемнен жиналып, бірнеше жылдың ішінде мыңдаған теңгеге айналып кеткенін айтады. Ауыл тұрғыны Нұржан Сәрсенбеков ауылда жұмыс орындары ашылса десе, кейбір тұрғындар интернет қуатының әлсіздігіне алаңдайды. Бұл мәселелер бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев мәселелердің біртіндеп шешілетінін түсіндірді. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек шөлдалалықтарға қордаланған 642 мың теңгені өздері қаражат жинап төлеу керек екендіктерін айтып, жаңа электр жүйесі мен таза ауыз су торабы тартылғанда мұндай келеңсіздіктің орын алмайтынына сендірді. Есет Досалы