Шу ауданындағы ана өлімі: Аурухананың бас дәрігері жұмысынан қуылды
Өйткені, 25 жастағы әйелдің өліміне ақ халаттылардың салғырттығы себеп болған
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен ана мен бала өлімі бойынша өткен кеңес отырысында Шу ауданындағы шулы оқиғаға қатысы бар тұлғалардың қандай жаза арқалайтыны белгілі болды,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Бала көтерген сәтінен бастап, қаза болғанға дейінгі марқұм Әдемі Ешеналының денсаулық жағдайын жарты сағаттан астам уақыт баяндаған басқарма басшысының м.а сөзінен ұққанымыз, ана мен оның құрсақтағы сәбиінің өліміне дәрігерлердің салғырттығы сеп. Жасанды жолмен жүкті болған 25 жастағы келіншектің денсаулығы әу бастан-ақ қауіпті топтардың қатарына жатқызылған екен.
Бүгінгі күні арнайы құрылған комиссия тобынан бөлек, бұл мәселені тыңғылықты зерделеу үшін тәуелсіз тексеру тобы да жасақталған. Олар екі бірдей адамның өліміне әкеп соққан қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтау үшін барымызды саламыз деп отыр.
Ендігі ақ халаттылардың немқұрайлылығы жауапсыз қалмақ емес. Жиында Шу қалалық ауруханасының бас дәрігерін орнынан босатып, денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а мен басқармаға қарасты ана және бала денсаулығы бөлімінің басшысына қатаң сөгіс беру ұсынылды.