Жамбыл жаңалықтар

Шу ауданындағы үш шағынаудан тұрғындары ауыз суға қол жеткізді

Осыған байланысты өткен салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудан прокуроры Талғат Оспанов қатысты.

Тәуелсіздік күніне орай Шу ауданы, Шу қаласына қарасты Жанқұлиев, Жайсан және Горгаз шағынаудандарының шамамен 16 мың тұрғыны сапалы ауызсуға қол жеткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ауызсумен қамту жобасын іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ Арнаулы мемлекеттік қордан жалпы көлемі 3,377 млрд теңге қаржы бөлінді.

Горгаз (12 362 адам) және Жанқұлиев (2 681 адам) шағынаудандарында ауызсу желілерінің құрылысын «Интеллект-Азия» ЖШС, ал Жайсан шағынауданында (818 адам) «ТаразСтрой-2004» ЖШС жүзеге асырды.

– «Су – тіршіліктің көзі» деп бекер айтылмаған. Ауызсу – халық үшін ең бірінші қажеттілік. Тұрғындардың игілігін көздейтін жобалар жемісті жалғаса берсін! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, ертеңіміз жарқын болуына шын жүректен тілектеспін, – деді Шу қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелис Бейсембаев.

Сонымен қатар Байзақ ауданының Төрткөл ауылында да қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүргізілген ауызсу құрылысы толық аяқталып, тұрғындар сапалы тіршілік нәрін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

– Қуанышымызда шек жоқ. Мемлекет қолдауының арқасында көптен күткен су ауылымызға жетті. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Төрткөл ауылының тұрғыны Екатерина Берберова.

Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту туралы тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл 13,9 млрд теңгеге 24 ауылдық елді мекенде және 9 тұрғын алқапта (Тараз қаласында – 5, Шу қаласында – 4) ауызсу нысандарының құрылысын жүргізу жоспарланған.

Бүгінгі күнге дейін 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылды. Қамту көрсеткіші қалаларда 99,8 пайызды, ауылдық елді мекендерде 99,6 пайызды құрап отыр.

Қазіргі таңда 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізілуде. Ал қалған 2 нысанда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалды.