Шу ауданында жаңа заманға сай «Альтаир» бөбекжайы есігін ашты
- авторБақытжан Бекболат
- 24 шілде, 2025
- 531
Шу ауданына қарасты Төле би ауылында 150 орындық заманауи бөбекжай-бақша – «Альтаир» ресми түрде ашылып, ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш сыйлады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Ержан Өмірәлиев, «AMANAT» партиясының аудандық филиал төрағасы Болатхан Кемелбайұлы, ауылдың ардақты қариялары мен зиялы қауым өкілдері және ата-аналар қатысты.
Бөбекжайдың негізін қалаушы – туған ауылының дамуына үлесін қосып жүрген кәсіпкер Дәнебек Бегімбаев. Жеке қаражаты есебінен бой көтерген бұл жоба — ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырып, сапалы білім мен тәрбиенің қолжетімді болуына жол ашып отыр. Сонымен бірге ата-аналарға балаларының болашағына сенімді болуға мүмкіндік береді.
Балалар үшін барлық жағдай қарастырылған
Бөбекжай заманауи білім беру талаптарына сай толық жабдықталған. Мұнда білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, әр баланың қабілетін жан-жақты дамытуға жағдай жасалған. Ұжымда тәжірибелі тәрбиешілер мен мамандар жұмыс істейді, әр баланың қауіпсіздігі мен жайлы ортасы — басты назарда. Балаларға күніне 5 мезгіл құнарлы, пайдалы ас ұсынылады.
«Альтаирде» бала дамуына арналған ерекше мүмкіндіктер:
логопед, дефектолог, психолог мамандарымен жеке және топтық сабақтар
ойын арқылы ағылшын тілін үйрену
музыка және хореография сабақтары (аптасына 3 рет)
РОБОӘЛЕМІ, Монтессори әдістемесімен шығармашылық пен интеллект дамыту
мектепке дейінгі дайындық
таза ауадағы ойын алаңы мен дене шынықтыру
тұзды шахта мен оттегі коктейлі
биоптрон шамымен жарық терапиясы
каратэ секциясы
Альтаир — болашаққа ашылған жарық есік
Бұл балабақша — жай ғана оқу орны емес, бұл — бала бойына ұлттық құндылық пен ізгілік дәнін себетін, тұлға ретінде қалыптастыратын рухани орда. «Балаға берілетін ең алғашқы тәрбие — ата-анасын, туғанын, жолдасын құрметтеуден басталады» деген ұстанымды негіз еткен ортада өсіп-өнген бала болашақта қоғамға пайдалы азамат болары сөзсіз.
«Альтаир» — әр баланың бақытты балалық шағы мен жарқын болашағына жол ашатын мекен.






