Бірер күн бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз қант зауыты» және «Мерке қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылтайшыларымен кездесті. Жақында облыста тағы бір қант зауыты салынбақ. Осыған орай,аймақ басшысы зауыттың құрылысымен айналысатын «K-Agro Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Бүгінде жұмыс істеп тұрған зауыт басшыларымен кездесу барысында бірнеше мәселе талқыланды. Олардың қатарында Меркі қант зауытының екі шаруа қожалығына берешегін төлеу жайы да бар. Зауыт басшылығы 1 қыркүйекке дейін шаруаларға 260 миллион теңге қарызын өтеп беруге уәде берді. Сонымен қатар биылғы қант қызылшасын қабылдау шарттары, сатылатын шикізат үшін уақытылы төлем жасау және Тараз қант зауытының толық жүктемесін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев ағымдағы жылы қант қызылшасын қабылдау бойынша төлем шарттары өзгергенін хабарлады. Енді Меркі қант зауыты төлемді 2021 жылдың 15 қаңтарына дейін және 2021 жылдың 15 наурызына дейін екі кезеңде жүргізеді. Сондай-ақ айыппұл санкциялары кешіктірілген бір күн үшін өсімпұл 0,01 пайыздан 0,1 пайызға дейін ұлғайтылған. Меркі қант зауытының басшылығы қант қызылшасын уақтылы қабылдауды қамтамасыз ету үшін зауытта шілде айынан бастап жөндеу және іске қосу жұмыстары басталғанын жеткізді. Айта кету керек жоспарланған Шу ауданындағы жаңа қант зауытының құрылысы бірнеше жылдан бері талқылануда. Бұған дейін «К-Агро Холдинг» серіктестігі облыс басшылығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Өңір басшысы атап өткендей, облыс әкімдігі өз міндеттерінің бір бөлігін орындаған. «К-Агро Холдинг» серіктестігі карантинге байланысты жобаны іске асыруда бірқатар қиындықтарға тап болған. Нысанның ағымдағы жағдайы туралы облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев баяндады. – Меморандумға қол қойылғаннан бері біраз уақыт өтсе де, нысанның құрылысы әлі күнге баяу жүріп жатыр. Сондағы түсірілген фотосуреттерге қарағанда, әлі де айтарлықтай өзгерістер жоқтығы байқалады. Смета әлі бекітілмеген, қаржыға қатысты мәселелер бар. Шу ауданында қант қызылшасын өсіруге келетін болсақ, бұл бағытта да жер телімдерін рәсімдеуге байланысты қиындықтар кездесуде, - деді облыс әкімінің орынбасары. Өз кезегінде «К-Агро Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Ердебай өңір басшысын жобаның сәтті жүзеге асырылып жатқандығына сендіруге тырысты. Дегенмен зауытты пайдалануға беру мерзімін 2022 жылға ауыстыруға тура келіпті. – Жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Ал әзірге болашақ зауыт үшін инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр, бұл жұмыстар биыл аяқталады. Жыл соңына дейін металл құрылымдары мен инженерлік коммуникациялар орнатуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ технологиялық жабдықтарды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Оны орнатуды өндіруші мамандар бір жарым жылдан кейін жүзеге асырады. Сондықтан зауытты іске қосу 2022 жылға қалдырылып отыр, – деді Д.Ердебай. Бүгінде кәсіпорын «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлескен жұмыстар туралы келісімге келісуге тырысуда. Келіссөздер екі жылдан бері жалғасуда, бірақ нәтиже жоқ. «K-Agro Holding» ЖШС өндіріске инвестиция салуға ниетті. Шикізатпен қамтамасыз етуге келетін болсақ, Шу ауданында қант қызылшасы өсірілетін 3 300 гектар суармалы жерді бөлу жоспарланған болатын. Бірақ бұл орайда қиындықтар кездесуде. Әзірге кәсіпорынның тек 1 700 гектар жері бар. Келесі жылы осы аумақта қант қызылшасы өсіріле бастамақ. Кәсіпорын 28 жаңбырлатып суаруға арналған машина сатып алу туралы келісімге қол жеткізген. – Ең негізгі мәселе жер телімдерімен байланысты болып отыр, өйткені зауыт толық қуатында жұмыс істеуі керек. Сондықтан шикізатпен қамтамасыз ету жайын тезірек шешу қажет, – деді облыс әкімі Б.Сапарбаев. Шикізатпен байланысты тағы бір туындап отырған мәселе ағын суға қатысты. – Суару үшін көп су қажет болатыны анық. Сондықтан жақын маңдағы «Тасөткел» су қоймасын едәуір кеңейту қажет. Бұдан бөлек «Ырғайты» су қоймасы салынуда. Басқа да су қоймаларының сыйымдылығын арттыру керек. Сонда біз өз аймағымызда ауылшаруашылық өнімдерін өсіруді ойдағыдай жоспарлай аламыз, – деді Бердібек Машбекұлы. Аймақ басшысы «K-Agro Holding» ЖШС басшылығының назарын қант қызылшасынан бөлек, басқа да тиімділігі жоғары ауылшаруашылық дақылдарын өсіру қажеттігіне аударды. Соңында Б.Сапарбаев зауыт құрылысына байланысты барлық жұмысты жеделдету керектігін баса айтты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жаңа оқу жылы алдындағы жанталас
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024