«Шымбұлақты қалтасы көтермейді». Депутат Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау шаңғы кешенінің мәселесін көтерді
- авторjambylinfo.kz
- 20 наурыз, 2024
- 716
Депутат «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан Жамбыл облысының даму жоспарында туризмді дамытуға басты назар аударылу керек деп санайтынын жеткізді. Өйткені, Саурықовтың пайымынша, осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестициялар тарту мүмкіндіктері пайда болады. Жаңа нысандардың бірі ретінде ол Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау шаңғы туризм кешенін атады.
«Біздің мәліметтер бойынша аталған жоба 2018 жылы сол кездегі облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың ұсынысымен басталған. Жамбыл облысының жұртшылығы бұл ұсынысты қуана мақұлдады. Бұл жобаның инвесторы – «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сол уақыттағы сметасы – 6,3 млрд тенге. Кешен құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталған. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың 1 тоқсанында жоба бастаушысының жеке қаражатының тапшылығына байланысты тоқтаған. Бүгінгі күні уақыттың созылуына байланысты жобаның құны қайта есептеліп, 7,9 млрд. теңгені құрап отыр. Осы күнге дейін игерілген сомма – 4,8 млрд. тенге. Кешеннің құрылысын толық аяқтау үшін 3,1 млрд. теңге қажет», - дейді депутат.
Бұл жұмыстардан өзге, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі 7 шақырым асфальтталған автожол жүргізілген, газ, электр жүйесі тартылған. Тау шаңғысы кешеніндегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, ресторан, сервис орталығы, техникалық бокс және өзге қажеттіліктер шамамен 80-85% аяқталған. Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы 542 млн. 600 мың теңгеге ауыз су мен кәріз жүйесі тартылған. Сол сияқты саяхаттаушылар мен демалушыларға және шаңғы тебушілерге арналған, жекелеген инвесторлардың тарапынан 20 коттедждің құрылысы 70-80% аяқталған. Бұл жерге 1 млн. 100 мың халқы бар Жамбыл облысы және іргелес жатқан 300 мыңнан астам халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының 2 ауданы жақын.
«Жоба басталғалы бері Жамбыл облысында бүгінгі күні төртінші әкім қызмет жасап жатыр. Осыдан кейін баршамызда мынандай сауал туындайды. Жеке инвестордың қаражатымен халық игілігі үшін басталған осындай іргелі жобалар неге аяқсыз қалады? Кім кінәлі? Жүйе ме, әлде бір әкімнің ұсынысын екінші әкім жалғастырғысы келмейтіндігінде ме? Не үшін жанымызда тау шаңғы кешені тұрғанда елдер сабылып 500 шақырым жердегі саяхат орнына бару қажет. Қарапайым халықтың қалтасы бағасы шарықтаған Шымбұлақ пен Ақбұлақты қалай көтереді? Жергілікті басшылар немесе Туризм министрі неге осыны ойламайды?», -деген депутат осы мәселені шешу үшін үкіметке бірнеше ұсынысын жария етті.
«Біріншіден, «Қаралма» туристік тау шаңғы кешенінің жұмысын жандандыру үшін жобаның аяқталуына ықпал жасап, инвесторға жағдай жасау үшін Туризм министрі мен облыс басшысына тез арада шешудің жолдарын қарастыруды тапсыруыңызды сұраймыз. Екіншіден, Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бағытында шешудің жолдарын қарастырып, болмаған жағдайда инвестордан мемлекетке сатып алу мәселесін ойластырған дұрыс деп есептеймін», деді депутат.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз