«Шымбұлақты қалтасы көтермейді». Депутат Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау шаңғы кешенінің мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдай отырып, Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау шаңғы кешенінің құрылысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Депутат «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан Жамбыл облысының даму жоспарында туризмді дамытуға басты назар аударылу керек деп санайтынын жеткізді. Өйткені, Саурықовтың пайымынша, осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестициялар тарту мүмкіндіктері пайда болады. Жаңа нысандардың бірі ретінде ол Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау шаңғы туризм кешенін атады.
Бұл жұмыстардан өзге, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі 7 шақырым асфальтталған автожол жүргізілген, газ, электр жүйесі тартылған. Тау шаңғысы кешеніндегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, ресторан, сервис орталығы, техникалық бокс және өзге қажеттіліктер шамамен 80-85% аяқталған. Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы 542 млн. 600 мың теңгеге ауыз су мен кәріз жүйесі тартылған. Сол сияқты саяхаттаушылар мен демалушыларға және шаңғы тебушілерге арналған, жекелеген инвесторлардың тарапынан 20 коттедждің құрылысы 70-80% аяқталған. Бұл жерге 1 млн. 100 мың халқы бар Жамбыл облысы және іргелес жатқан 300 мыңнан астам халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының 2 ауданы жақын.
«Біріншіден, «Қаралма» туристік тау шаңғы кешенінің жұмысын жандандыру үшін жобаның аяқталуына ықпал жасап, инвесторға жағдай жасау үшін Туризм министрі мен облыс басшысына тез арада шешудің жолдарын қарастыруды тапсыруыңызды сұраймыз. Екіншіден, Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бағытында шешудің жолдарын қарастырып, болмаған жағдайда инвестордан мемлекетке сатып алу мәселесін ойластырған дұрыс деп есептеймін», деді депутат.