Жамбыл жаңалықтар

Әскери ант қабылдау рәсімі өтті

Бұл айтулы күнге сарбаздардың 900-ден астам ата-анасы мен жақын туыстары қатысты

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің саптық алаңында 2-2025 шақырылым жас сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, салтанатты жағдайда өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қазақстанның тоғыз облысынан келген 300-ден астам жас сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға салтанатты түрде серт берді.

Бұл айтулы күнге сарбаздардың 900-ден астам ата-анасы мен жақын туыстары қатысып, ұлдарының өміріндегі маңызды әрі жауапты сәтке куә болды. Әскери оркестрдің әуенімен Мемлекеттік Ту көтеріліп, сап түзеген сарбаздардың нық әрі сенімді дауыспен ант қабылдауы көпшіліктің бойына ерекше рух пен мақтаныш сезімін ұялатты.

Салтанатты жиында әскери бөлім командирі, полковник Асылбек Кабиденович Солтанов сөз сөйлеп, жас сарбаздарды тарихи әрі жауапты күнмен құттықтады. Ол әскери анттың маңызына тоқталып, бұл серт әрбір жауынгердің елге, жерге, халыққа деген адалдығының айқын белгісі екенін атап өтті. Командир сарбаздарды әскери тәртіпті қатаң сақтауға, Ұлттық ұлан жауынгеріне лайық болуға және ата-ана сенімін ақтауға шақырды.

Іс-шара барысында бөлім ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Акайдар Даулетович Дусембиев сөз алып, жас сарбаздарға әскери қызметтің жауапкершілігі мен маңызын түсіндірді. Ол әскер — тәртіп пен төзімділіктің, ерлік пен елжандылықтың мектебі екенін айтып, жас буынға антқа адал болуды, жолдастықты бағалауды өсиет етті.

Сарбаз аналары комитетінің өкілі Шарифа Ахмеджановна Муминова аналар атынан жүрекжарды тілегін жеткізді. Ол бүгінгі күннің әрбір ана үшін толқыныс пен мақтанышқа толы екенін айтып, ұлдарының ел қорғаны болып қалыптасуына тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ, 3 оқу ротасының сарбазы Т. Жаркимбековтің анасы Зауреш Балкыбековна Джимбаева ата-аналар атынан сөз сөйлеп, ұлдарын Отанға сеніп тапсырғандарын жеткізді. Ол әскери бөлім басшылығына ризашылығын білдіріп, сарбаздарға адал қызмет пен амандық тіледі.

Жас сарбаздар атынан 3 оқу ротасының сарбазы Ернар Мұханұлы Амангелдиев сөз алып, көрсетілген сенім үшін алғыс білдірді. Ол барлық сарбаздар атынан әскери тәртіпті сақтап, қабылдаған анттарына адал болып, Қазақстан Республикасының лайықты қорғаушысы болуға уәде берді.

Салтанатты рәсімнен кейін ата-аналар балаларымен қауышып, оқу пунктінің тыныс-тіршілігімен танысты. Бөлім басшылығына көкейдегі сұрақтарын қойып, толық әрі нақты жауап алды. Кейін сарбаздар жақындарымен бірге сейілдемеге шығып, қуанышқа толы әсерлі сәттерді бірге өткізді.

Әскери ант қабылдау — әрбір жауынгердің жүрегінде мәңгі сақталатын тарихи күн. Бұл күн жас сарбаздардың ел алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, Отан қорғау жолына нық қадам басқанын білдіреді.