Сотталғандардың жаңа ортаға бейімделуін қолдау үшін психологиялық іс-шара ұйымдастырылды
Психологиялық тренинг барысында қатысушылар шығармашылық тапсырмаларға белсене қатысты
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №58 мекемесінде жаңадан келген сотталған азаматтардың жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында психологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылдың 14 қаңтарында мекеменің карантин бөлімінде ұсталатын сотталған азаматтармен мекеме психологтарының ұйымдастыруымен «Арт-терапия» әдістемесі өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандардың жаңа ортаға бейімделу кезеңінде туындайтын мазасыздану, үрей және қорқыныш сезімдерін бәсеңдету, сондай-ақ олардың психоэмоциялық жағдайын тұрақтандыру.
Психологиялық тренинг барысында қатысушылар шығармашылық тапсырмаларға белсене қатысып, өз ойлары мен сезімдерін еркін жеткізуге мүмкіндік алды. Арт-терапия әдісі сотталғандардың ішкі күйзелісін азайтып, эмоционалдық тепе-теңдігін сақтауға оң әсерін тигізді.
Іс-шара соңында қатысушылар аталған әдістеменің пайдалы әрі әсерлі болғанын атап өтіп, алған жақсы әсерлерімен бөлісті. Мұндай психологиялық қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.