дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 8:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Сыйақы тек үнемделген қаржыдан беріледі». Шу ауданы ауруханасына қатысты шағымға бас дәрігер жауап берді

«Сыйақы тек үнемделген қаржыдан беріледі». Шу ауданы ауруханасына қатысты шағымға бас дәрігер жауап берді
Коллаж: Ернар Балғабай
Редакция тілшісі ауруханадағы екі тараптың пайымдарын тыңдап көрді

Jambylinfo.kz редакциясына хабарласқан Жамбыл облысы, Шу аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері бір жылдан бері жалақыларының өспегенін, үстемақының жоқтығын және жұмыстағы еңбек жағдайының жақсармай келе жатқанын айтып, шағымданды. 

Аурухананың орта және кіші медициналық қызметкерлер мекемедегі түсініксіз жағдайларға енді көз жұмып қарап отыра алмаймыз дейді. Аты-жөнін жасыруды сұраған азамат ауруханада орта медициналық қызметкер болып жұмыс істейді. Ол  ауруханаға тыңғылықты қызметтік тексеріс қажет деп мәлім етті. Себебі, мұнда басшылық тарапынан өрескел заңсыздықтар мен көптеген этикаға жат қылықтар анықталып жатқан көрінеді.

«Мәселен, жұмысқа орналасқан қызметкерлерге еңбек шартының екінші данасын бермейді, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық көшірмесін көрсетпейді.  Ал, есепші жалақы туралы түбіртекті (квиток) қолымыз ұстатпайды»,-дейді қызметкер.

Оның анонимді сұхбатынан білгеніміз, аурухана басшылығы жыл барысында медициналық қызметкерлерге сыйақы болатынын айтқан. Бірақ, жеме жемге келгенде, ақ халатты адамдар сыйақысыз қалған.

«Тағы айтатын жайт, қызметкерлерге жыл соңында сыйақы беріледі деп үміттендіріп, соңында ешқандай сыйақы және үстемеақы да берілмеді. Себебі ол қаражатқа аурухана төсек-жабдықтарын аламыз деп отыр және осындай сылтауды жылда айтады. Бұл қаншалықты заңды?» - дейді қызметкерлер.

Бірақ, қызметкерлер ауруханадағы түрлі заңсыздықтарды байқап, көріп жүрсе де тиісті органдарға шағымданбаған. Себеп, жұмыстан айырылым қаламыз ба деп қорқады.

Дегенмен, осы сипаттағы шағыммен аурухана қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасына e-otinish арқылы шағым түсірген. Одан соң тексеру комиссиясы келген. Бірақ комиссия болып келген 3 азамат барлық ұжымды жинамастан, мекемеде сол сәтте жүрген қызметкерлерді ғана жинап, әңгімелескен. Еешқандай заңсыздық таппадық деп жұмыстарын аяқтаған.

«Көптеген шағым айтылып отырған  ауруханаға бір күн емес, бір-екі сағаттық тексеріс жүргізгендері қаншалықты дұрыс? Тыңғылықты тексерудің орнына, құр әңгімелесумен шектелу  мәселені шешпейді»,- деп күйлікті шағымданушы азамат.   

Мәселенің мәнін түсіну үшін аурухана басшысы Жайдар Айтишевке хабарластық. Бас дәрігер жоғарыда аталған келеңсіздіктер басшылық пен қызметкерлер арасындағы «түсініксіздіктен» туындап отыр дейді.

«Бізде жыл соңында сыйақы (премия) үнемделген қаражаттан беріледі. Биыл үнемделген қаржыны біз төсек-орын жабдықтарын алуға жұмсаймыз. Себебі, науқастардың жағдайы біз үшін бірінші орында. Ал, басқармадан қаражат тек медициналық құрал жабдықтарға ғана бөлініп, төсек-орын жабдықтарына бөлінбейді», - деп түсіндірді бас дәрігер.

Ал, жұмысқа қабылданған кезде мекеме тарапынан берілетін құжат көшірмелері қазір цифрландырылған соң, оны қажеттілік туындаса ғана қағазға шығарып береміз дейді.

«Әр қызметкердің еңбек шартының  көшірмесі egov порталында тіркелген. Оны әрқайсысы сол жүйеден көріп алса болады»- дейді Жайдар Айтишев.

Екі тараптың мәлімдемесін тыңдаған соң ауруханаға тексеру жүргізген комиссияның жұмысымен танысу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми хат жолдадық. Оның жауабы қосымша хабарланады.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар