«Сыйақы тек үнемделген қаржыдан беріледі». Шу ауданы ауруханасына қатысты шағымға бас дәрігер жауап берді
Редакция тілшісі ауруханадағы екі тараптың пайымдарын тыңдап көрді
Jambylinfo.kz редакциясына хабарласқан Жамбыл облысы, Шу аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері бір жылдан бері жалақыларының өспегенін, үстемақының жоқтығын және жұмыстағы еңбек жағдайының жақсармай келе жатқанын айтып, шағымданды.
Аурухананың орта және кіші медициналық қызметкерлер мекемедегі түсініксіз жағдайларға енді көз жұмып қарап отыра алмаймыз дейді. Аты-жөнін жасыруды сұраған азамат ауруханада орта медициналық қызметкер болып жұмыс істейді. Ол ауруханаға тыңғылықты қызметтік тексеріс қажет деп мәлім етті. Себебі, мұнда басшылық тарапынан өрескел заңсыздықтар мен көптеген этикаға жат қылықтар анықталып жатқан көрінеді.
Оның анонимді сұхбатынан білгеніміз, аурухана басшылығы жыл барысында медициналық қызметкерлерге сыйақы болатынын айтқан. Бірақ, жеме жемге келгенде, ақ халатты адамдар сыйақысыз қалған.
Бірақ, қызметкерлер ауруханадағы түрлі заңсыздықтарды байқап, көріп жүрсе де тиісті органдарға шағымданбаған. Себеп, жұмыстан айырылым қаламыз ба деп қорқады.
Дегенмен, осы сипаттағы шағыммен аурухана қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасына e-otinish арқылы шағым түсірген. Одан соң тексеру комиссиясы келген. Бірақ комиссия болып келген 3 азамат барлық ұжымды жинамастан, мекемеде сол сәтте жүрген қызметкерлерді ғана жинап, әңгімелескен. Еешқандай заңсыздық таппадық деп жұмыстарын аяқтаған.
Мәселенің мәнін түсіну үшін аурухана басшысы Жайдар Айтишевке хабарластық. Бас дәрігер жоғарыда аталған келеңсіздіктер басшылық пен қызметкерлер арасындағы «түсініксіздіктен» туындап отыр дейді.
Ал, жұмысқа қабылданған кезде мекеме тарапынан берілетін құжат көшірмелері қазір цифрландырылған соң, оны қажеттілік туындаса ғана қағазға шығарып береміз дейді.
Екі тараптың мәлімдемесін тыңдаған соң ауруханаға тексеру жүргізген комиссияның жұмысымен танысу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми хат жолдадық. Оның жауабы қосымша хабарланады.