Жамбыл жаңалықтар

Су шаруашылығына серпін: Жамбыл облысында «Қазсушар» жаңа техникамен жабдықталды

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

  Жамбыл облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы 51 жаңа арнайы техникамен толықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

18 шілде, жұма күні ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев заманауи көліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады. 

Министр Нұржан Нұржігітов қатысушыларды Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ведомство басшысы пайдалануға берілген техникалардың су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және жаңғыртуға арналған ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынын, сондай-ақ суару маусымдарының тұрақты өтуіне сүбелі үлес қосатынын ерекше атап өтті.

Тапсырылған техникалардың қатарында экскаватор-жүктегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, су таситын көліктер, самосвалдар, автокрандар, тартқыштар, тіркемелі құрал-жабдықтар мен дизельді генераторлар бар.

Жамбыл облысында су ресурстарын басқару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. 

2019 жылдан бері халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен өңірдің 6 ауданында жалпы ұзындығы 608 шақырым болатын су жүйелері қайта жаңғыртылды.

2 жаңа су қоймасы салынды, 19 су қоймасы жөндеуден өтіп, 1 гидробекет қалпына келтірілді. 

2028 жылға дейінгі жоспарға сәйкес 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын қайта жаңғырту, 312 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу, өзен жағалауларын бекіту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу көзделіп отыр.

Салтанатты шара барысында су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен ардагерлер мен білікті мамандарға құрмет көрсетілді.