Жамбыл жаңалықтар

Сырты бүтін, іші түтін: Мойынқұмдағы жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді

Мойынқұм ауданының тұрғындары бізге көптен бері қордаланған мәселелерді көзбен көруге қолқа салған соң, жуырда арнайы іссапармен барған едік.

Ауыл тұрғындарының айтқанындай, мұнда түйіні тарқамаған мәселелер аз емес. Соның бірі — Мойынқұм ауылының М.Мәметов көшесінің бойынан 2024 жылы салынып, пайдалануға берілген әрқайсысы екі отбасыға арналған бірнеше тұрғын үйдің жағдайы. 

Аталған баспана иелерінің көтерген мәселелері орынды. Себебі, сырт көзге тартымды көрінген үйлердің сапасы сын көтермейді. Тіпті кейбір үйдің ішкі қабырғалары жарылып, көгере бастаған. Тұрғындар қыстың көзі қырауда қабат-қабат көрпе жамылуға мәжбүр. Өйткені, қанша жерден от жақса да, іштегі жылу сыртқа қашады. Шатыр жабындысының асты жылу сақтауға қауқарсыз. Қамыс төселгенімен, белдемше ағаштардың үстінен тиісті құрылыс талаптарына сай тақтай ұрылмаған. Тек қамыс үстіне топырақ шашылған. Оған қоса пайдаланатын алаңы 68,9 шаршы метрді құрайтын үйге ай сайын 12 мыңға жуық теңге төлеп тұратын олар осынау нысанның басыбайлы өз меншіктеріне берілер-берілмесін де білмей дал. 

Көпбалалы ана Айгүл Жұманова бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, өз пікірін ашық жеткізді. 

Жалпы, бұл – бір ғана отбасының мәселесі емес. Бірнеше тұрғын осыған ұқсас жағдайды алға тартып отыр. Яғни, мәселе жекелеген ақауда емес, құрылыс сапасының жүйелі түрде төмен болғанын аңғартады. Мәселе мұнымен шектелмейді. 

Аталған үйлерге қарама-қарсы беттенде екі отбасылық он тұрғын үй салынған екен. Бұл үйлер қаңырап, бос тұр. Онымен қоса кейбірінің қақпалары қисайып, тіпті құлап қалған. Осы жағдайға байланысты Мойынқұм ауданы әкімдігіне барып, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алибек Нагыметуллаұлының пікірін білдік. Оның айтуынша, бұл үйлердің жағдайы әкімдікке белгілі.

Сонымен қатар ол қарама-қарсы салынған 10 үйдің қазіргі таңда құрылыс бөлімінің балансында тұрғанын және бір жылдық кепілдік мерзімі бар екенін атап өтті. Оның сөзіне сенсек, кем-кетік түзелмейінше нысан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігіне өтпейді. Бұл туралы мердігер компанияға ескертіліпті. Ал тұрғындарды толғандырған тағы бір маңызды мәселе – баспананың құқықтық мәртебесі. Яғни, олар бұл үйлерді толықтай өз атына рәсімдей ала ма, әлде өмір бойы жалға тұра ма деген сұрақ туындап отыр. Бұл сұрақтарды біз аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жазира Жанәділоваға қойдық. Оның айтуынша, азаматтар өздеріне берілген тұрғын үйді кез келген уақытта жекешелендіріп ала алады. Ол үшін шамамен 1 миллион 900 мың теңге көлемінде бастапқы жарна төлеу қажет.

Бұл түйткілдердің шешімі уақыт еншісінде. Алайда жергілікті билік халық қаржысына салынған әрбір нысанның сапасына жауапкершілікпен қарап, күмән тудыратын жағдайларға жол бермесе дейміз.