бейсенбі, 4 шілде, 2024 22:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Түлектер соңғы қоңырауда оқыс оқиғаға тап болса кім жауап береді

Түлектер соңғы қоңырауда оқыс оқиғаға тап болса кім жауап береді
Сурет: jambylinfo.kz
Биыл Жамбылда 12 мыңнан аса түлек оқу бітіреді

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев мектеп түлектері соңғы қоңырау шарасында оқыс оқиғаға тап болса, мектеп әкімшілігі жауап беретінін айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Мұхит Нысанбаевтың айтуынша, биыл облыста оқу жылын 498 мектепте 248 мыңнан астам оқушы аяқтаса, оның 12 мыңнан астамы түлектер. Осы орайда басқарма өкілі әр мектепке салтанатты шараны креативті идеяларымен ерекше форматта өткізуді ұсынып отыр.

«Мысалы, 1 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі оқушылардың фотоларынан слайдшоу әзірлеп, көрсету, бір-біріне арнау жасау, тілек айту, ұстаздар мен білім ұясына алғыс айту әнін орындау, өлең оқу, ата-аналарына 11 жыл бойы алған өнер-білімдерін паш ету секілді барынша жүректен жүрекке жетер креативті идеялармен өткізу ұсынылады»,- деді басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, түлектердің бас амандығы үшін іс-шараларды өткізу туралы барлық оқу ұяларына ұсынымдар таратылған.

«ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан 24-25 мамыр күндеріндегі іс-шараларды өткізу туралы ұсынымдардың білім мекемелеріне таратылғанын, балалардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде әр сынып бойынша ата-аналар жиналыстары өткізіліп, ата-аналар чаттарына жадынамалар жолданғанын хабарлаймыз. Сонымен қатар, іс-шараларды өткізу барысында ата-аналар тарапынан  жауапкершілік танытудың маңыздылығын есте сақтауды сұраймыз»,- дейді Мұхит Нысанбаев.

Осы орайда басқарма өкілінен jambylinfo.kz тілшісі соңғы қоңырау салтанаты кезінде түлектер оқыс оқиғаға тап болса, кім жауап беретінін сұрады.

«Жалпы жауапкершілік баршамызға ортақ. Мектеп қабырғасында оқыс жағдайлар орын алып жатса, мектеп әкімшілігі жауап береді. Балалар ертең осындай жағдайға душар болмас үшін ата-аналармен жиналыс жасап жатырмыз. Бұл мәселеге байланысты қауіпсіздік шараларын толық бақылауда ұстау мақсатында полиция мен құзырлы органдармен бірлесіп, жұмыс жоспарын әзірлеп отырмыз. Осы мәселенің бәрі ертеңгі күні бала қауіпсіздігіне тікелей қатысты»,- деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

Соңғы қоңырау кезінде орын алатын түрлі жағдайдың алдын алу үшін полицейлер де ерте қамдана бастаған. Бүгінгі күні бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кезекшіліктер ұйымдастырылып жатыр.

«Сонымен қатар қазіргі уақытта ювеналдық полиция қызметкерлері білім бөлімінің мамандарымен бірлесіп ата аналарға жазғы уақытта кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың жолын кесу , соңғы қоңырау іс шарасында жол көлік оқиғаларының болдырмау (Кортеж) мақсатында профилактикалық түсіндірме жиналыстары өткізілуде. Жалпы 670 қызметкер 247 автокөлік  жұмылдырылды»,- дейді Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Әлішер Қалышов.

Полиция майоры салтанатты іс шараға байланысты Жамбыл облысы Полиция Департаменті тарапынан полиция қызметкерлері күшейтілген бағыттағы жұмыс істейтінін айтты.

«Қала мен ауданда бекітілген полицияның жасақшылары оқушылар тарапынан және оларға қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған. Қоғамдық тәртіптің ықтимал топтық бұзылуын уақтылы болдырмау үшін жастардың қоғамдық орындарда және көшелерде шоғырлануына ерекше назар аударылды.Сонымен қатар, әрбір оқу орнына қалалық пен аудандық полиция бөлімдері басшылығы қатарынан жауапты тұлғалар, ювеналды полиция мен учаскелік полиция инспекторлар аумақ бойынша бекітілді. Салтанатты іс шаралар барысында  полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық тиісті шараларды қабылдайды»,- деді Әлішер Қалышов.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар