«Тұрғындар мәселесі шешіле ме?». Депутаттар көтерген мәселелердің шешілу барысы қаралды
Қалалық мәслихаттың депутаттары билікке 106 сауал жолдаған
Тараз қалалық мәслихаты мен қала әкімдігінің бірлескен кеңейтілген отырысында депутаттардың көтерген мәселелерінің шешілу барысы қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиынды қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай ашып, жүргізіп отырды. Оның сөзінше, бүгінге дейін 34 сауал орындалып үлгерсе, 31-і бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Келесі кезекте халық қалаулылары жолдаған сауалдар бойынша қала әкімдігі экономика және бюджеттік жорспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасап, әр мәселеге жекелей тоқталды. Оның айтуынша, сауалдардың 80-і тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына қатысты болса, 6-ауы – құрылыс, 7-еуі – тұрғын үй қатынастары, 8-і – білім, 5-еуі спорт және дене шынықтыру бөліміне қарасты болып отыр екен.
Кеңейтілген отырыс барысында тараптар тұрғындар көтеріп, мәслихат мінберінде қойылған сұрақтарды жеке-жеке талқылады. Онда қала аумағындағы алқаптар мен саяжайларды ауызсумен қамту, жолдарға асфальт төсеу, көшелер мен аулаларды жарықтандыру, аялдама орнату, мектептерді жөндеуден өткізу, шаһарды абаттандыру, футбол және балалар ойын алаңшаларын салу секілді аса маңызды мәселелер сөз болды.
Әр сауалды мұқият тыңдап шыққан Бақытжан Орынбеков әрқайсысына нақты жауаптарын беріп, жауапты тұлғаларға тапсырмаларын берді.