Түркістанға рухани саяхат: ерекше жандарға арналған игі шара
- авторБақытжан Бекболат
- 13 қазан, 2025
- 308
Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған рухани-танымдық саяхат ұйымдастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараның басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғам өміріне бейімдеу, белсенділігін арттыру және мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын ояту. Сондай-ақ, олардың рухани әрі шығармашылық тұрғыда дамуына жағдай жасау көзделді.
Саяхат барысында қатысушылар Түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістан қаласының тарихи нысандарын аралады. Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, көне жәдігер – тайқазанның маңында естелікке суретке түсті.
Бұдан кейін саяхатшылар заманауи сәулетімен көз тартатын “Керуен сарай” кешенін аралап, “Дала Венециясы” атанған су айдынында серуендеді.
Жаңарған Түркістанға жасалған бұл сапар ерекше әсер мен ұмытылмас естеліктерге толы болды. Қатысушылар өз ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.






