Тәртіп сақшыларының тірлігі тындырымды
Тәртіп сақшыларының тірлігі тындырымды
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтады деген күдікпен Байзақ ауданының 35 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті Байзақ ауданының құмға жақын маңдағы аумағында кептірілген марихуананың орамасын дайындау барысында ұсталды. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 3 келіден асады. Күдікті өз кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдіктіге қатысты 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ жамбылдық полицейлер 12 желтоқсан күні есірткі өткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласының 18 жастағы тұрғынын ұстады. Тінту жүргізу кезінде күдіктіден 12 бумаға оралып, тарату үшін дайындалған «Мефедрон» синтетикалық есірткі заты анықталды. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 7 грамнан асады. Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-бөлігімен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бапқа сәйкес мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады. Жол ережесін бұзатындарға жеңілдік жоқ Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізіп, қала аумағында жол ережесін өрескел бұзған бірнеше көлік жүргізушісін ұстады. Құқық бұзушылар жол қозғалысы ережелерін бұзып, өздерінің заңсыз әрекеттерін бейнажазбаға түсіру кезінде тоқтатылды. «Lada 21154» маркалы автокөлігінің жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 1-бөлігімен (Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi оқылмайтын немесе ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тiркелген көлiк құралын басқару) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, автокөлігі арнайы айыптұраққа қойылды. Автокөлік иелеріне барлығы 76 мың 575 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалған хабар таратқан Таразда мина туралы хабар таратқан қала тұрғынына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Желтоқсанның 11 күні «102» тетігіне облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимаратында жарылғыш құрылғы бар деген хабарлама келіп түсті. Аталған мекенжайға жедел келген құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы іс-шаралар өткізді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер осы мекемеде мәжбүрлі түрде емделіп жатқан облыс орталығының 21 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Оның айтуынша, осылайша орталықтан қашуды жоспарлаған. Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Ол Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қару жасырылған тағы бір орын табылды Жамбылдық полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында үш күн ішінде түрлі калибрлі 13 қару мен 345 патрон тауып, тәркіледі. Тәркіленген қарулардың ішінде АК-47 автоматы, Макаров тапаншасы, ТОЗ екі тегіс ұңғылы мылтық, ИЖ, ТОЗ, Моссберг маркалы 7 бір тегіс ұңғылы мылтық, газ және травматикалық тапаншалар, сондай-ақ ПМ-ге арналған үш оқжатар және 345 патрон бар. Полиция қызметкерлері Жамбыл облысы ҰҚКД жедел тобымен бірлесіп Тараз қаласының шетінде бетон плитаның астынан зауыттық нөмірлері механикалық өшірiлген АК-47 автоматы, 9 мм калибрлі патроны бар Байкал травматикалық тапаншасы, 7,62 мм калибрлі 20 патрон табылып, тәркіленді. Сонымен қатар 13 желтоқсанда Байзақ ауданындағы Талас өзені көпірінің астынан скотчпен оралған газет бумасы табылды. Оның ішінде екі оқжатар және бес патроны бар 9 мм калибрлі Макаров тапаншасы табылды. Сол күні Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылының шетінде орналасқан шаруа қожалығында 38 жастағы малшыдан 12 мм калибрлі ИЖ-18 бір тегіс ұңғылы аңшылық мылтық табылып, тәркіленді. Барлық қаруларға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі. Борышкерлерден 7 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді Облыс көлемінде 12-15 желтоқсан аралығында «Борышкер-2022» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – салынған әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар және мәжбүрлеп іс жүргізу қозғалған адамдарды толық қамту. Іс-шара аясында облыс жолдарында полиция қызметкерлері, прокуратура қызметкерлері, өңірлік жеке сот орындаушылары палатасы және БАҚ өкілдерімен бірлесіп борышкерлерді анықтау бойынша рейдтер жүргізді. – Профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінің өзінде өндіріп алынған қаржы көлемі 7 миллион 737 мың теңгені құрады. 437 борышкердің мекенжайын аралау жүзеге асырылды. Сот орындаушыларының қаулыларына сәйкес, мамандандырылған тұраққа 59 борышкердің автокөлігі қойылды, – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев. Әкімшілік айыппұл салынған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабына сәйкес, азамат жеті тәулік ішінде көрсетілген айыппұл сомасының 50 пайызын төлеуге құқылы. Осы мерзім өткеннен кейін әкімшілік айыппұл толық сомаға салынады. Әкімшілік айыппұл қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәулік ішінде төленуге тиіс. Айыппұлды төлеу қажеттілігі туралы қаулыны ерікті түрде орындау мерзімі өткен жағдайда, мәжбүрлі түрде өндіру үшін әкімшілік материал сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберіледі. Көлік ұрлаған күдікті ұсталды Жамбылдық полицейлер Абай облысынан автокөлік ұрлаушыны ұстады. Абай облысында ұрланған көлік бірнеше күннен кейін басқа өңірден табылды. Чарск қаласының 62 жастағы жергілікті тұрғыны 8 желтоқсанда полицияға жүгініп, сағат 16:00 шамасында белгісіз адам оның Chevrolet Cobalt көлігін ұрлап, қашып кеткенін хабарлады. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (Автокөліктi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйым із иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Көлік құралының деректері көрсетілген бағдарлар барлық Полиция департаментіне жолданған. Жамбыл облысының Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері және Меркі АПБ учаскелік полиция инспекторлары 10 желтоқсанда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызды автожолының 347-шақырымында бағдарда көрсетілген сипаттамаға сәйкес келетін Chevrolet Cobalt автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 33 жастағы жүргізушінің көлік құралын басқаруға тиісті құжаттары жоқ екендігі және көліктің Чарск қаласынан ұрланғандығы анықталды. Қазіргі таңда Меркі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен Абай облысы Полиция департаментіне істi өткiзу бойынша құжаттар жинақталып жатыр. Жастар – есірткіге қарсы Тараз қаласының №47 орта мектебінде 300-ден астам оқушының қатысуымен «Жастар – есірткіге қарсы» акциясы өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Негізгі мақсаты – тұрғындардың назарын нашақорлық проблемасына аудару, жастар арасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру. Полицейлер оқушыларға есірткіні қолданудың зияны және олармен байланысты қылмыстардың салдары туралы нақты мысалдар келтіре отырып айтып берді. Кинологиялық орталығының қызметкерлері арнайы қойылым дайындап, қызметтік-іздестіру иттері есірткі іздеу дағдылары мен құқық бұзушыны залалсыздандыру тәсілдерін көрсетті. – Нашақорлық мәселесі қазіргі уақытта қоғамға аса қауіпті дерт. Ең қиыны, оған тәуелділіктің бірден пайда болуында. Көп жағдайда, емдеу курсынан өткендер де тәуелділіктен біржола арыла алмайды. Есірткіні бір сәттік қызық үшін пайдаланып, кейіннен оған өмір бойы әуес болудың соңы адам өмірін қор қылады, тіпті өлімге әкеп соғады. Сондықтан өзіңізден бөлек, туыстарыңыз бен жақындарыңызды да ойлаңыздар, – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев. Құқықтық сауаттылық өткізілді Желтоқсан айының басынан бері полиция қызметкерлері 500-ден астам профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, колледж студенттері мен жалпы білім беретін мектеп оқушыларын төбелес- жанжалдар шығармауға және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге бармауға, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін тұтынбауға шақыруда. Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында полицейлер кәмелетке толмағандардың қылмыс жасағаны үшін жауапкершілік шаралары қарастырылатынын жеткізді, сондай-ақ профилактикалық мазмұндағы бейнероликтерді көрсетті. Балаларғақұқық қорғау органдарының қызметкерлері көшедегі бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы және бейтаныс адамдарға сенім білдірмеуге, егер ересектер үйде болмаса, тіпті Аяз ата есікті қағып тұрса да, оларға есік ашпауға кеңес береді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстары өткізілді. Ересектерге балаларды жалғыз қалдырмауға, отшашуларды, петардаларды өз бетінше іске қосуға жол бермеуге және жарақат алмау үшін барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қолдануға шақырды. – Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамның негізгі міндеті болып табылады. Жас кезінен бастап балалардың өз жауапкершіліктерін түсінуі және құқықтық сауаттылығын арттыруы өте маңызды. Біздің мақсатымыз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер мен оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алу, – деп атап көрсетті облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышев. Автобустарда заң бұзу көп Жамбылдық полицейлер автобус жүргізушілері жасаған 1600-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. Биылғы жылдың 5-11 желтоқсан аралығында облыс аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын автобус жүргізушілері арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Республикалық, жергілікті маңызы бар автожолдарда және өңірдің көше-жол желісінде қоғамдық көлікпен жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды анықтау және болдырмау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Жедел-алдын алу іс-шарасының нәтижесінде полиция қызметкерлері жолаушылар мен жүк тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарының (автобустардың) жүргізушілері жасаған 1612 жол ережесін бұзушылықты анықтады. Рейдтік жұмыстар барысында автокөлікті тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаудың 83 дерегі, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 29 дерегі тіркелді. Патрульдік полицейлермен автокөлікті басқару кезінде ұялы телефондарды пайдаланғаны үшін 181, ал маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 331 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері техникалық ақаулы көлікті желіге шығарғаны үшін автобус парктерінің 29 лауазымды тұлғасын жауапкершілікке тартты. Айыппұл тұрағына барлығы 42 қоғамдық көлік қойылды. Облыстық полиция департаменті автобус жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін және жолаушыларды тасымалдауға қойылатын талаптарды қатаң сақтауды ескертеді.