Жамбыл жаңалықтар
Т. Рысқұлов ауданында мемлекеттік бағдарламалар халыққа қолжетімді
- авторjambylinfo.kz
- 7 қараша, 2022
- 219
Т. Рысқұлов ауданында мемлекеттік бағдарламалар халыққа қолжетімді
Апта басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында актив мүшелерінің қатысуымен кезекті алқалы жиын болып өтті. Мәжіліске аудан әкімі Ернар Есіркепов төрағалық етіп, жиында соңғы тоғыз айдың қорытындысы толыққанды талқыланды. Айта кетейік, мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, әкімдік мүшелері, ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысып, әр салада орын алған кемшіліктер жіпке тізілді.
Жалпы кеңесте күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ләззат Сапарбекова 9 айдың көрсеткіші мен 10 айдың болжамын баяндап өтті. Бөлім басшысы Ләззат Тәліпбекқызының айтуынша, ауданда жалпы жағдай тұрақты. Индикаторлық көрсеткіштердің де орындалуы өз деңгейінде екендігін жеткізді. Тек жыл қорытындысымен көрсеткіштердің 4-нің орындалмау қаупі бар екендігін жасырмады. Соның ішіндегі ең өзектісі – «Дипломмен ауылға» жобасы.
– Қазіргі таңда жастардың көп несие алуы жағдайды қиындатып отыр. Сол себепті де ауылға бағдарлама аясында жұмыс іздеп келген жастар жобаның жаңа шарттарына жиі сәйкес келмеуде. Бұл әрине, бізге де қиындық туғызып отыр. Аталмыш мәселені шешу үшін жуырда білім бөліміне қарасты мектептердің басшыларын жинап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді қолға алатын боламыз, – деді бөлім басшысы.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов аталмыш мәселенің өзекті екенін айта келе, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп отыру керектігін алға тартты.
– Аталған мәселе – өте өзекті. Маған қабылдауға келетін тұрғындардың басым бөлігі баспана сұрап келеді. Олардың ішінде жас мамандар да бар. Ал жастарды үймен қамтуға аталмыш жоба зор мүмкіндіктер сыйлайды. Тек жұмыстың ретін тапқанымыз абзал. Ол үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жобаға сәйкес келетін медицина, білім беру, ауылшаруашылығы, мәдениет саласының мамандарын үймен қамту қажет. Тіпті бұл тізімге мемлекеттік қызметкерлерді де қоссақ болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болуы тиіс, – деп жоспарлы негізде жүргізілетін жұмысты ширату керектігін ашық айтты.
Мәжілісте азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да жария етілді. Ол туралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов мәлімдеді. Маңызды мәліметтерді тыңдаған аудан басшысы облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалар орындалу керектігін айтып, «Алқаптан сөреге дейін» жобасын жүзеге асыруды тоқтатпауды міндеттеді. Тіпті, аудан орталығында жәрмеңкені жиі ұйымдастыру керектігін, оған кәсіпкерлер мен дала мамандарын көптеп тартуды жауапты тұлғаларға жүктеді.
Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жергілікті жерде мықтап жүзеге асыру – аса маңызды. Шынтуайтына келгенде, бұл тұрғыда көптеген істер қолға алынуда. Аудан басшысы ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен кездесіп, өтініш-тілектерге құлақ түруде. Бұл аз десеңіз, аудан әкімдігі ғимаратында қоғамдық қабылдау да өткізілуде. Әрбір қабылдауда халық тарапынан көтерілген мәселелер хаттамаға тіркеліп, назарға алынатыны түсінікті. Олардың орындалуы да – басты назарда. Мәселен, жалпы жыл басынан бері 45 кездесу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін жоспарға сай 37 кездесу өткен. Ол кездесулерде ауыл тұрғындарынан 100-ге жуық сауалдар түсіп, олардың барлығы іс-шаралар жоспарына енгізілген. Оның бүгінге дейін 62-і орындалып, 15 тапсырманың орындалуы назарға алынса, 14 тапсырманың орындалу мерзімі әлі жетпеген. Бұл туралы жиында аудан әкімі аппаратының басшысы Асхат Мұстафа мәлім етті. Сонымен қатар, жиында ауданның жалпы саяси ахуалы, әлеуметтік желіде қойылған сауалдардың өзектілігі туралы да сөз болды. Ол тақырыптағы мәліметтерді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Әділов пен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Мөлдір Тастанбек баяндады. Баяндамаларды мұқият тыңдаған аудан басшысы халық тарапынан келген ұтымды ұсыныстар ұдайы назарда болып, тыс қалмауын қадағалау керектігін айтты.
Сондай-ақ, жиын барысында құрылыс, ауылшаруашылығы салалары мен автокөлік жолдарының қысқы мерзімге дайындығы пысықталып, салық түсімдері де назардан тыс қалмады. Мәжілісте қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданып, жауапты мамандарға тапсырмалар берілді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Соғыс ардагеріне 3 млн. теңге берілді
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Жамбылда 8 мәдениет нысаны ел игілігіне беріледі
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2024