Таласта үшем дүниеге келді
Таласта үшем дүниеге келді
Жақында қаратаулық Байкиевтер отбасында үшем өмірге келді. Отағасы Азиз Байкиев «Қаратау - Про» ЖШС-інде дәнекерлеуші болып еңбек етеді екен. 34 жасар бұл азамат қазіргі таңда 6 ұл - қыздың әкесі атанып отыр.
Отанасы Айна Түменбаева кеншілер қаласындағы «Ерке - Ая» жекеменшік балабақшасында тәрбиеші. Екі жас 2014 жылдың алғашқы айларында шаңырақ көтеріпті. Қазір тұңғыштары Асылхан 6 жаста. Алланың қалауымен мұнан соң 2016 жылы Расул, Раяна деген егіз ұл-қыз өмірге келеді. Құдайдың құдіреті шексіз ғой. Міне, жақында бұл шаңырақта үшем дүние есігін ашты.
Есімін Нүрила апалары (Азиздің анасы) Айсұлтан, Жансұлтан, Бексұлтан деп қойыпты. Қаратаудағы «Бәйтерек» балабақшасында тігінші болып істейтін Нүрила Түлкібайкеліні біз барғанда үшемдерге сүт беріп, абыр-сабыр болып жатыр екен.
«Охо, Жансұлтан әрең жұбанғанда, Бексұлтан жылады» деп дауыстаған әже үнінен шаршаудан гөрі қуанышты көбірек байқадық. Ал Азиздің әкесі Түлкібай Байкиев өмір бойы темір жол саласында еңбек етіп, 2011 жылы бақилық болған екен.
Азиз анасына да, Айнұр, Мөлдір атты қарындастарына да жанашыр болып, ерте есейіпті. Енді міне Құдай нәсіп еткен өз перзенттерінің қызығына бөленіп отыр. Ал үшемді өмірге әкелген жұбайы, батыр ана Айнаның омырауында «Күміс алқа» жарқырайды. Бұл отбасыға Талас ауданы әкімдігі де қолдау көрсетіпті.
Кәмшат ҚАДЫР