Талай жастың бағын ашқан "Болашақ"
Талай жастың бағын ашқан "Болашақ"
Ел болашағының баянды болуы білімді, жан-жақты тәрбие алған ұрпақтың қолында. Сондықтан да еліміз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақ тәрбиелеуге баса назар аударды. Азаттық таңы енді арайлап атып, еліміз әлі де еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиып үлгермей жатып 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасының қабылдануы осы сөзіміздің айқын бір айғағы. Мыңдаған жастың бағын ашқан бағдарлама ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері аталған стипендия бойынша мыңдаған қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінгі таңда «QS World University Rankings», «Academic Rankings of World Universities» және тағы басқа үздік 200 халықаралық академиялық рейтингке кіретін әлемдік жоғары оқу орнында 1 400-ден астам бағдарлама стипендиаты білім алуда. Облысымызда да байыпты бағдарламаның игілігін көріп, бүгінгі таңда сан салада жемісті еңбек етіп жүрген «болашақтықтар» аз емес. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті, «Практикалық шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Райқұлқызы да «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бірі. Кейіпкеріміз білімге құштар жастарға мотивация болсын деген ниетте өткен шаққа аз-кем шегініс жасап, қалай «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты болғаны және шетелдегі оқу процесі, күнделікті тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берді. – Негізі оқушы кезімнен ағылшын тілі пәнін ерекше жақсы көрдім. Ағылшын тілінен тек мектепте алған біліміммен шектелмей, қосымша сабаққа баратынмын. 2001 жылы Тараз қаласындағы №14 М.Мақатаев атындағы орта мектепті бітіріп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) «Филология: ағылшын тілі» мамандығына түстім. Оқуды аяқтаған соң 2005 жылы университетте «Шетел тілдері» кафедрасында оқытушы болып еңбек жолымды бастадым. Сонымен қатар «Филология: ағылшын тілі» мамандығы бойынша магистратурада оқуымды жалғастырдым. 2009 жылы Астана қаласына көшіп, «Халықаралық бағдарламалар орталығына» менеджер ретінде жұмысқа орналастым. Орталық «Болашақ» стипендиясымен АҚШ пен Канадада оқып жатқан Қазақстанның студенттерімен жұмыс істейтін. Жұмысқа белсене кірісіп, аталған мемлекеттерде білім алып жатқан студенттерге куратор болдым. Шыны керек, студенттермен жұмыс істеу өте қызықты және күрделі болатын. Сол жылдары АҚШ-та оқитын студенттердің саны 2 000-ға жуық еді. Әр куратор 200 стипендиатпен жұмыс істейтін. Яғни стипендия тағайындалған сәттен бастап тілдік курстарға орналасу, АҚШ-қа виза мен әуе билеттерін рәсімдеу, шетел университетіне түсу және орналасу, оқу барысында туындайтын сұрақтар бойынша көмек көрсететінбіз. 2015 жылы АҚШ-тағы Оңтүстік Калифорния университетіне, Бостон, Гарвард университеттеріне, Массачусетс технологиялық институтына жұмыс сапарымен бардым. Сонда әлемдегі озық оқу орындарының кампус аймағын, студенттерге жасалған жағдайды көріп таңғалдым. Шетелдік кампус бөлек бір қалашық сияқты. Ішінде ең үздік кітапханалар, үздік технологиямен жабдықталған аудиториялар мен лабораториялар, тіпті студенттердің демалыс орталықтары (спортзал, бассейн, теннис корттары, тамақтанатын зоналар, кітап дүкені) қамтылған. Сол кезде алғаш рет осындай университеттің бірінде оқысам деген арман туындады, – дейді Айнұр Нұржанова. 2009 жылдан бастап «Халықаралық бағдарламалар орталығында» менеджер, Америка, Азия, Океания және ТМД елдері бойынша бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, үлкен тәжірибе жинаған Айнұр Райқұлқызы арадан 8 жыл өткенде туған жері Тараз қаласына оралады. Оқытушылықты жаны жақсы көретін кейіпкеріміз 2017 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде еңбек жолын жалғастырады. Аз уақыттың ішінде өзін білікті маман ретінде танытып үлгерген А.Нұржанова 2017 жылы білімін шыңдап, тәжірибе жинау үшін «Болашақ» бағдарламасының стипендиясына құжат тапсыруға шешім қабылдайды. Университет басшылығы да болашағынан үлкен үміт күттіретін білікті маманның шешімін қолдайды. – «Болашақ» стипендиясына конкурс бірнеше турдан тұрды. Бірінші – шет тілінен емтихан, екінші – қазақ тілінен емтихан, үшінші – Қазақстан тарихынан, ҚР Конституциясы мен психологиялық тест, ең соңғысы – құжат тапсырған мамандығың бойынша комиссия мүшелерімен сұхбат. Конкурстың турларынан сәтті өтіп, 2017 жылы 7 желтоқсанда АҚШ-та «Білім саласындағы басқару» мамандығы бойынша магистратурада оқу үшін стипендия тағайындалды. «Болашақ» стипендиясының арқасында 2018 жылы АҚШ-тың үздік деген екі университетінде ағылшын тілін шыңдауға мүмкіндік туды. 2019 жылы АҚШ университеттеріне құжат тапсыру барысында «Білім саласындағы басқару» мамандығы бойынша екі үздік университетке қабылдандым. Бірі – Оңтүстік Калифорния университеті (University of Southern California), екіншісі – Висконсин-Мэдисон университеті (University of Wisconsin-Madison). Сөйтіп, өзім армандаған Оңтүстік Калифорния университетіне оқуға шешім қабылдадым. Оңтүстік Калифорния университеті АҚШ-та 1880 жылы құрылған. Times Higher Education рейтингіне сәйкес, әлем бойынша 74 орында, АҚШ бойынша рейтингте 19 орында тұр. «Жоғары білімді басқару және студенттермен жұмыс жөніндегі білім магистрі (Master of Education in Postsecondary Administration and Student Affairs)» мамандығы бойынша Оңтүстік Калифорния университетінде үздік профессорлардан дәріс алдым. Біздің бағдарламада шетел азаматтарынан екі адам ғана болды. Қалған курстастарымыз АҚШ азаматтары болатын. 2021 жылы GPA 4.0-ден 3.93-пен оқуымды аяқтап, диплом алдым. Осы орайда әлемнің үздік университетінде білім алуға, ой-өрісімді кеңейтуге, жаңа достар табуыма мол мүмкіндік сыйлаған «Болашақ» стипендиасына үлкен ризашылығымды айтамын. «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанның жастарға тарту еткен ең үлкен сыйы. Кез келген мемлекет жастарға мұндай мүмкіндік бере алмайды. Студенттеріме, жастарға әрдайым айтатыным, ағылшын тілін жетік меңгерсеңіз, сіздерге әлемдік білімге жол ашылады. Тоқтамай біліміңізді шыңдасаңыз, көп еңбектенсеңіз «Болашақ» стипендиасына қол жеткізуге болады. Қарапайым жанұядан шығып, білім, талант, көп еңбектің, «Болашақ» бағдарламасының арқасында әлемнің үздік университеттерінде оқып, қазіргі таңда мемлекетіміздің дамуына көп еңбек сіңіріп жатқан азаматтарды жақсы білемін, – дейді А.Нұржанова. Бүгінде Айнұр Райқұлқызы шетелде жинаған тәжірибесін қазақстандық әріптестерімен, студенттерімен бөлісуде. Екі жылдан бері өңірлік университетте елдің ертеңі болар жастарды тәрбиелеу жолында аянбай қажырлы етіп келеді. Аз жылда жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Студенттерімен бірге ғылыми жұмыстар жазып, әріптестерімен ғылыми жобаларға қатысып, абырой биігінен көрініп жүр. Атап өтер болсақ, 2022 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен Халықаралық студенттік конференцияда гуманитарлық бағыт бойынша студенті I орынды жеңіп алады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы, жалпы Жамбыл облысындағы мектеп, колледж мұғалімдерімен, оқушыларымен етене жақын жұмыс істеуде. 2022 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің Аймақтық Ағылшын тілі бағдарламасы кеңсесінің (RELO) демеушілігімен Қазақстан Республикасы ағылшын тілі мұғалімдері қауымдастығы (KazTEA) ұйымдастырған «Ағылшын тілі деңгейін көтеру арқылы медиа сауаттылықты арттыру» жобасына Тараз қаласы бойынша фасилитатор болып таңдалады. Жоба аясында 3 ай Тараз қаласындағы, Байзақ және Қордай аудандарындағы бірқатар мектептің ұстаздары мен өңірлік университеттің оқытушыларына медиа сауаттылық бойынша дәріс береді. Білім жолындағы әріптестеріне «Coursera» платформасын үйретіп, нәтижесінде Плющ лигасының мүшесі және АҚШ-тың жетекші университеті болып табылатын Пенсильвания университетінен Медиа сауаттылық бойынша сертификат алуға атсалысқан. Шыны керек, қоғамда «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алып келген жастар туралы жағымсыз пікірлер жиі айтылып жатады. Қызды-қыздымен бағдарламаның шапағатын көрген жастардың елдің бір кәдесіне жарамай жүргенін ашына айтып, дабыл қаққандар да болған. Дейтұрғанмен еліміздің білім және ғылым саласының дамуына үлес қосуды мақсат еткен біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айнұр Райқұлқызы секілді болашақтықтардың табысты еңбегі жаңсақ пікірлерді жоққа шығарады.