Таразға 24 келі марихуананы тасымалдау кезінде жергілікті тұрғын ұсталды
- авторМағжан Орынбасар
- 17 шілде, 2024
- 565
Жамбыл облысында полицейлер 24 келіден астам есірткі тасымалдаған Тараз тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Қарасора-2024" профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Меркі ауданының құмды аумағында жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде "KIA" маркалы автокөлігін тоқтатқан.
28 жастағы жүргізушінің басқаруындағы автокөлік құмды аймақтан Тараз қаласына қарай бара жатқан. Көліктің ішінде облыс орталығының тұрғындары – 24, 26 және 28 жастағы үш жолаушы болған.
Автокөлікті тексеру кезінде көліктің жүк салатын бөлігінде жалпы салмағы 24 келі 160 грамм кептірілмеген марихуана есірткі заты салынған 4 полипропилен қапшық тәркіленді.
- Қазіргі уақытта есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталғандар өз кінәларын мойындады, Меркі ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, - деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.