Жамбыл жаңалықтар

Тараз қаласына биыл 29 мыңға жуық сайлаушы қосылады

Сонымен қатар сайлау комиссиясының құрамына 117 мүше өтеді

Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының қала активімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Басқосуға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, қалалық мәслихаттың депуттары, құқық қорғау және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Жиында Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуанов аталмыш комиссияның өткен жылы атқарған жұмыстары мен осы жылы алда тұрған міндеттері туралы баяндады.

Келесі кезекте Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов заңнама талаптары аясында жергілікті атқарушы орган мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылына кеңінен тоқталды. Айбек Жаханбайұлының айтуы бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы аясында қала әкімдігі тарапынан сайлауды ұйымдастыру және өткізу шараларына қолдау көрсетіліп келеді. Айталық, сайлаушылар санының көбеюіне орай «Ұлы Дала» (15), «Құмшағал» шағын аудандары мен «Қант зауыты» тұрғын алқабынан 3 сайлау учаскесі ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар 2024 жылдың ІV тоқсанынан бастап сайлаушылар тізімінің өзектілігін қамтамасыз ету үшін «iKomekshi» ақпараттық жүйесімен енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Кездесуді қорытындылаған Серғали Өмірзақұлы Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан атқарылған ілкімді істерді тілге тиек етіп, алдағы міндеттердің бұдан да ауқымды екенін баса айтты.