Тараз қаласының тұрғыны есірткі жарнамалайтын граффити-жазбаны салу кезінде ұсталды
Тараз қаласының тұрғыны есірткі жарнамалайтын граффити-жазбаны салу кезінде ұсталды
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 21 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Ол облыс орталығының үйлері мен ғимараттардың қабырғаларына есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын граффити-жазбалар жазған. Тексеру барысында күдіктіден заттай айғақтар – қара түсті маркер мен ұялы телефоны табылды. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 299-бабы 1-бөлігі бойынша (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. - Құрметті тұрғындар, егер сіз есірткі сайттарын жарнамалау, есірткі заттарын тарату немесе пайдалану сияқты заңсыз әрекеттерді көрсеңіз, "102"-ге немесе тұрғылықты полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарласуыңызды сұраймыз, - деп ескертті Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі А. Жұмабеков.