Жамбыл жаңалықтар

Тараз тұрғындарының иелігінде 2 млрд теңге болса да жұрт одан бейхабар

Жарты миллион халқы бар Таразда былтыр «Халық қатысатын бюджет» жобасына небары 11 өтініш түскен

Қаржы министрлігімен бекітілген жергілікті бюджеттің жобаларын әзірлеу қағидаларына сәйкес, 2020 жылдан бері елімізде «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асып келеді. Коронавирус пандемиясына байланысты Тараз әкімдігі бұл жобаны 2022 жылы қолға алған. Алайда, әкімдік өкілінің сөзіне сенсек, қала тұрғындары бұл жоба туралы білмей ме, әлде, немқұрайлық таныта ма, қала азаматтарының игілігі үшін бөлінген миллиардтар қазір игерілмей жатыр екен, деп жазады jambylinfo.kz.

«Ақша бар, өтініш жоқ». Неге әкімдік халықты ақпараттандырмай отыр?

Қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың айтуынша, әкімдіктің бюджетінен бөлінген әр тиын ел игілігіне жұмсалады.

Алайда, Жандос Ордабаевтың айтқан цифрларына сүйенсек, ауласын абаттандыруға келгенде шахар тұрғындарының бейғамдығы байқалады. Өйткені, өткен жылы қала тұрғындарынан небәрі 29 ұсыныс түскен. Оның басым бөлігі көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыру бойынша жолданған. Сараптамалық кеңестің қорытындысымен 24 жоба іріктелген. Айта кететіні, 10 дауыстан аз жинаған жоба іске аспайды. Былтыр 24 жобаның небары үшеуі ғана 10-нан аса дауыс жинаған.

Жоба енді басталған 2022 жылы бүкіл шахардан 11 ғана ұсыныс түсіп, 1 ғана жоба таңдалған. Ол – 15 мөлтек ауданындағы «Түйте каналы». Арнаны тазалап, жағасын абаттандыру үшін әкімдіктің әмиянынан 50 млн теңге қаралған.

«2 млрд теңгеге 40 түрлі жобаны іске асыруға болады»

Жандос Ордабаевтың айтуынша, биыл бөлініп отырған 2 млрд теңгеге мұндай 40 жобаны іске асыруға болады. Бірақ, халықтың назары осы қалпы төмен болса, 40 емес, 4 жоба табудың өзі қиын көрінеді.

«Әрине, мәселелер бар. Тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру қажет. Мұны қазір қолға алып жатырмыз. Себебі, халықтың белсенділігі төмен болып жатыр. Басқа облыстармен салыстарғанда әлдейқайда аз. Қазір біз 2025 жылға жүзеге асатын жобалар бойынша тұрғындардан ұсыныс жинап жатырмыз. Енді өткен жылғы қателікті қайталамау үшін жергілікті БАҚ-да жарияладық. Бірақ, бәрі бір ынта танытқандар өте аз», - дейді экономика және бюджеттік жопарлау бөлімінің басшысы.

Тараздықтар бюджетке қалай қатыса алады?

Жандос Ордабаевтың сөзінше, келер жылы іске асатын жобаларға бүгінгі күні небары 3 ұсыныс түскен. Дегенмен, әлі де кеш емес, өйткені, «Халық қатысатын бюджет» жобасының ережесі бойынша, жергілікті тұрғындардың ұсынысы әр жылдың 20 қаңтарынан бастап 10 наурызына дейін жалғасады. Бұдан соң, 15 адамнан тұратын сараптамалық кеңес әр жылдың 5-сәуіріне дейін әр ұсыныстың заңнамалық тұрғыдан сәйкестігіне талдау жүргізеді.Ал, 5-24 сәуір аралығында тұрғындар әкімдіктің ресми интернет-ресурсында электронды түрде дауыс береді. Дауыс көп жинаған жоба іріктеліп, соған қаржы бөлінеді.

Анықтама: ұсынымдар мен өтінімдер мына 9 бағыттар бойынша қабылданады: аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер), бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу, аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру. 

Мағжан Орынбасар