Тараз және Түркі өркениетінің өнегесі
Тарихы терең Тараз топырағында Халықаралық Түркі академиясы мен Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Мемлекет басшысына таныстырылған «Тарихы терең Тараз» мәдени бағдарламасын іске асыру мақсатында «Тараз және Түркі өркениеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Әуелі келушілер арнайы ұйымдастырылған Тараз тарихынан сыр шертетін көрме жұмысымен танысты. Аталған жиында әлемнің және еліміздің бірқатар ғалымы Тараз және Түркі тарихы төңірегінде ой қозғап, өзара пікір алмасты.
Екі мың жылдан астам бай тарихы бар Тараз шаһары ежелден өркениеттің ордасы болған көне мекен. Мұнда өткен қилы кезеңдер, түрлі оқиғалар ұлы тарихымыздың ұлағатты бір бөлігі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған тұғырлы Тараз талай ғасырдың куәгері, абыз шежірешісі ретінде күні бүгінге дейін жасап келеді.
Ежелгі қытай, араб саяхатшыларынан бастап, Бартольд, Лерх, Гумилев сияқты өзге де атақты ғалымдар Тараз турасында тағылымды еңбектер жазып қалдырған. Әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «Талайғы Тараз» тарихи баянында «Орта ғасырлардағы Тараз қай жағынан да тек аймақтық қана емес, үлкен халықаралық маңызға ие болды», деп жазады. Жалпы, Тараздың тарихи шежіресін ашып көрсетеді.
Тараз тарихының тылсым парақтары, түркі тарихының тағылымы бүгінде әлемдік өркениет және ғылым-білім көшінде өзіндік маңызға ие болып отыр.
Әлемнің бірқатар білімдар ғалымдары көне Тараз һәм Түркі тарихын байланыстыра зерттеп келеді. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлтымыздың ұлы тарихын ұлықтауға, ұлы даламызда өткен ұлы оқиғаларды зерделеуге мүмкіндік берсе, «Тарихы терең Тараз» мәдени бағдарламасы көне шаһардың көркем тарихын тануға және қолдау көрсетуге бағытталған. Танымал тарихшы ғалымдар бас қосқан Тараз төріндегі рухани жиынға арнайы қатысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев шараның маңыздылығына тоқталып, бұл конференция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген ұлттық құндылықтарды, ерекшелігімізді саралай отыра, жалпытүркілік өркениеттің мәдени дамуы мен тарихи өркендеуіне тың тұжырымдармен үлес қосатынын айтты. «Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, қазақ жерінде Жібек жолынан бері барлық карталарда келе жатқан екі қала бар. Бірі Тараз қаласы, екіншісі Жаркент. Елімізде ЮНЕСКО-ға енетін 11 нысан болса, соның 5-еуі Жамбыл облысында орналасқан. Осының өзі өлкеміздің тарихы терең екенін, күллі өркениеттің бастауы болғанын көрсетеді. Конференцияның тақырыбы да «Тараз және Түркі өркениеті» деп аталуы тегін емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы облысымызға іссапары барысында біздің Тараз қаласын Түркістан қаласына туристік серіктес ретінде қалыптастыру туралы ұсынымызға, «Тарихы терең Тараз» атты мәдени бағдарламасына өз қолдауын білдірді. Бұл Тараз қаласының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дамуының жаңа кезеңі болады деп сенеміз. Түркі халықтарына ортақ бұрыннан келе жатқан екі жазу бар екені белгілі. Оның бірі – Орхон-Енесей жазулары болса, екіншісі – Талас жазулары. «Түркістан – ер түріктің бесігі» болса, тарихы терең Тараз Түркі өркениетінің ошағы», деді Бердібек Сапарбаев.
Аталған рухани жиынды жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жиналғандарға еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың конференция жұмысына сәттілік тілеген хатын оқып берді. Сондай-ақ, модератор өз сөзінде Тараз – тамырлы тарихымыз бен мәуелі мәдениетіміздің куәсі болған қастерлі өңір екенін, бұл өңір сонау ғұн дәуірінен бастап түркі әлемінің аса ірі саяси-экономикалық және рухани-мәдени орталығы ретінде маңызды рөл атқарғанын атап өтті. «Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп тарихи бағасын берген. Ал, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі сапарында түрленген Таразға айрықша мән беріп, жоғары бағалап кетті. Сондықтан, бүгінгі алқалы жиынның Тараз топырағында өтуінің символикалық маңызы зор. Тараз – қазақтың ғана қарашаңырағы емес, күллі түркі тарихында тектоникалық бетбұрыстар жасаған пассионарлық қуаттың қайнар көзі», деді Дархан Қыдырәлі. Жалпы, Тараз тарихы тереңде жатқан өлкенің бірі. Әуелі ғұн дәуірінде, 2000 жыл бұрын іргесі қаланған Талас бекінісінде «Талас шайқасы» арқылы Хань империясына қарсы тойтарыс берілгені тарихи шындық. Сондай-ақ, осында түркі-мұсылман өркениетінің негізі қаланған әрі бүкіл түркілердің мұсылман дініне бет бұруына ықпал еткен 751 жылғы «Талас-Атлах» шайқасы өткен. Алтын Орда, Шағатай, Моғолстан мемлекеттерінің негізі қаланған 1269 жылғы тарихи «Талас құрылтайы» да осы өңірде өткен. Оның 750 жылдық мерейтойы 2019 жылы Тараз қаласында кеңінен аталып өткен. Сонымен қатар, Қазақ хандығының алғаш шаңырақ көтеріп, ту тіккен мекені ретінде де, Ұлы Жібек жолы бойында Шығыс пен Батыс өркениетін тоғыстырып, алуан түрлі мәдениеттердің алмасуына ықпал еткен өркениетті өңір ретінде де Тараздың орыны айрықша.
Жиын барысында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш әуелі министр Ақтоты Райымұлованың хатын оқып берді. Бұдан кейін ол Тараз қаласы көшпелі және отырықшы мәдениетінің мұрагері саналатынын, түбі бір Түркі әлемінің ішінде қастерлі қала, киелі орталық екенін атап өтті. Келелі басқосуда бүгінде Алаш тарихы, Алашорда әскері жайлы зерттеу жүргізіп жүрген белгілі алаштанушы ғалым, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Тараз және Түркі әлемі» атты мазмұнды баяндама жасады. Өз сөзінде ол Тараз топырағынан шыққан Таразилерді түгендеп, олардың есімдері мен еңбектерін ұрпаққа жеткізудің маңызды екенін айтып, балбалтастар музейін ашуды ұсынды. «Түркі елінің алтын бесігі – Алтай, орталығы – Түркістан десек, дәл осы тізімде Тараздың да аты ерекше айтылады. Өйткені осы жерде ислам дінінің кең таралуына ықпал еткен оқиғалар орын алды. Мұны да әлемдік деңгейде, әсіресе, түркі дүниесінде барынша насихаттау керек», деді Берік Әбдіғалиұлы. Сондай-ақ, конференцияға қатысушы Алтын Орда дәуірін зерттеуші білікті маман, Висконсин-Мэдисон және Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шәмілоғлы «VI-XIV ғасырлардағы Тараз және Орталық Азия: Бірінші пандемия мен екінші пандемияның әсері» атты тақырыпта баяндама жасады. Қазіргі кезде өзекті әрі тың тақырыптардың бірі – пандемия тарихын зерттеп жүрген ғалым өз пікірін білдіріп, түрлі тарихи мәліметтерді алға тартты. Ол Қытай саяхатшысы Суан Цяньның VIІ ғасырда Әулиеата өңірінде болып, зерттеулер жүргізгенін, одан құнды мәліметтер қалғанын айтты. Сонымен қатар, тарихы терең Талас құрылтайының тағылымы төңірегінде де әңгіме қозғады. Әулиеата өңірінің тарихына әлемдегі көптеген білімді тарихшылардың да қызығушылық танытқанын жеткізді.
Бүгінгі таңда шетел ғалымдары да ежелгі Тараз өлкесінің мұраларын зерттеуге қызығушылық танытуда. Мұны Тараз төрінде өткен «Тараз және Түркі өркениеті» атты халықаралық конференцияға атақты шетелдік ғалымдардың қатысып, пікір білдіруінен де көруге болады. Жиынға онлайн режимде Жапония мемлекетінен арнайы қатысқан PhD докторы, «Нара» ұлттық мәдени мұра және ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу» институты зертханалық археология секциясының директоры, профессор Садакатцу Кунитаке Жамбыл өңірінде экспедиция жұмыстарын жүргізгенін, нақты айтсақ, Бүйрекбастау ескерткішінде болған ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде әңгімеледі. Әулиеата өңірінің тарихын зерттеуге үлес қосқан жапон ғалымы Тараз тарихының да тым тереңде жатқанын жеткізді. Оған бір дәлел – Тараз аймағында Бөріқазған, Тәңірқазған сынды палеолит дәуірінің тұрақтарының мол екендігі деуге болады. Бұл бағытта кезінде Хасен Алпысбаев сияқты атақты археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бұдан кейін Садакатцу Кунитаке сынды шетелдік ғалымдармен бірге Талас, Қаратау аңғарындағы палеолит дәуірінің ескерткіштерін зерттеп келе жатқан тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағамбетов сөз алып, «Қызылтау палеолит кешені – Еуразиядағы ежелгі археологиялық мәдениеттердің бірі» тақырыбында баяндама жасады. Ал, тарих ғылымдарының докторы, археолог-ғалым Мадияр Елеуұлы «Ұлы Жібек жолы және ежелгі Тараз қаласы» атты баяндамасында Түркі қағандығы тұсында Ұлы Жібек жолы түркілердің билігіне өткен соң, жаңа қалалар салына бастағанын айта келіп, ежелгі Тараз өркениеті төңірегінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, Қырғыз елінен келген ғалым, Қырғыз-Манас университетінің аға оқытушысы Негизбек Шабданалиев «Талас аймагы жана Талас жазуулары» төңірегінде пікір білдірді. Ол жалпы Талас өңірінің тарихы, өркениеті, көне ескерткіштері жөнінде айтты.
Батыс Түркі қағанаты тұсында Таразда түркі тайпаларының этникалық түзілісінің өткені де тарихтан аян. Оның негізгі құрамы Дулылар мен Нүшебилерден құралған Он-оқ елі кейіннен Түргеш, Қарлық, Қарахан мемлекеттерінің құрамына еніп, Қазақ хандығы тұсында қазақ халқының этникалық қалыптасуына зор үлес қосқан. Пленарлық отырыстың екінші кезеңінде Түркия елінің Йедитепе университенінен арнайы қатысып отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Ташағыл ежелгі түркі халықтарының этникалық түзілімі жайында, Оңтүстік Қазақстанды мекендеген түркі тайпалары турасында айтты. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Әлімғазы Дәулетхан «Атлах-Талас шайқасы және оның тарихи маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев Талас құрылтайы және оның тарихи маңызы туралы әңгімеледі. Ғалым 751 жылғы Қытайдағы Таң әулетінің әскері мен Араб Халифатының әскерлері арасында өткен Атлах шайқасы, 1269 жылы Талас өзені бойында өткен моңғол ақсүйектерінің жалпы құрылтайы жөнінде айта келіп, мұндай тарихи маңызы өте зор оқиғаларды зерттеп білу және маңызын ашып көрсету отандық тарих ғылымы алдында тұрған міндеттердің бірі екенін жеткізді. «Талас құрылтайын қарастыру арқылы біз моңғол империясының ыдырауы процесінің қалай жүзеге асқандығын, алғашқы моңғол хандарының бағынышты халықтарға қатысты жүргізген экономикалық саясатының қалай өзгеріске ұшырағанын біле аламыз. Сондықтан ХІІІ ғасыр ортасындағы Қазақстанның саяси тарихында 1269 жылғы Талас құрылтайының алатын өзіндік орны бар және де ол арнайы түрде жеке қарастыруды қажет етеді», деді ол.
«Тараз және Түркі өркениеті» атты ғылыми конференцияда көне Тараз және тұтас Түркі тарихы, жалпы алғанда ұлттың ұлы тарихы төңірегінде құнды деректер келтіріліп, келелі ойлар айтылды. Таразбен іргелес Жамукат, Барысхан, Жікіл, Құлан, Мерке сынды ортағасырлық қалалар да түркі тарихы мен өркениетінде маңызды рөл атқарғаны сөз болды. Сонымен қатар, осы қалалардан табылған археологиялық деректер тарихымыздың түгенделуіне өз үлесін қосып келе жатқаны да әңгіме болды. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа ортағасырлық Тараз жәдігерлері мен олардың тарихи маңызы жайында баяндама жасаса, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Дөкей Талеев «Талас өңірінің 1000 жылдық тарихынан сыр шерткен жәдігерлер: Шөлтөбе, Көкқайнартөбе және Жылқышытөбе» туралы айтты. «Соңғы жылдарға дейін жүргізілген зерттеулер Қызылқайнартөбе, Шөлтөбе, Бақатөбелердің І-ІV ғасырлар аралығымен мерзімделетіндігі анықталған. Олардың құрылыс салу тәсілдері мен сәулеткерлік ерекшеліктері де ұқсас. Қазбадан табылған археологиялық материалдар да мезгілдес. Қытай жазба деректері бойынша Қаңлы мемлекетінің шығыс шекарасы Таластың бойына дейінгі аралықты қамтыған. Қаңлы мемлекетінің гүлденген уақыты біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің жыл санауымыздың ІІ ғасырлары. Келтірілген дәйектер зерттелген нысандардың қаңлыларға тиесілі екендігін білдіреді. Зерттеулердің қорытындысы Ерте ортағасыры кезінде Талас өңірін мекендеген тұрғындардың отырықшы егіншілікпен айналысқандығын білдіреді», деді Дөкей Талеев. Тараз төрінде өткен «Тараз және Түркі өркениеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қорытындылап, алқалы жиында Тараздың шежірелі тарихы мен Түркі өркениеті жайында мазмұнды баяндамалар жасалып, келелі ой-пікірлер ортаға салынғанын айтты. Рухани жиынға қатысқан барша азаматтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, халықаралық конференцияның қорытынды құжаттары қабылданды.
Бұдан кейін конференция жұмысы «Ұлы Талас құрылтайы: Алтын Орда», «Атлах шайқасы және жаңа өркениет», «Тараз және Түркі әлемі» және «Мәңгілік Ел идеясы және Түркі елдері» атты төрт секция бойынша жалғасты. Секция жұмысында Берекет Кәрібаев, Юлай Шәмілоғлы, Берік Әбдіғалиұлы, Мадияр Елеуұлы, Мұхтар Қожа, Жәкен Таймағамбетов және өзге де ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады. Жалпы, «Тараз және Түркі өркениеті» атты халықаралық конференцияда Түркі өркениетінің тарихи маңызы, Тараз тарихының шежірелі деректері, қазақ елінің өткен тарихы, қазақ даласындағы құнды жәдігерлер төңірегінде айтылды. Сондай-ақ, әлемдік ұлы оқиғалардың өту барысы мен олардың тарихи негіздеріне зерттеулер жүргізілді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Бір күнде 23 мыңнан астам қазақстандық вакцина салдырды
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Жамбылда 8 мәдениет нысаны ел игілігіне беріледі
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2024