Тараз жұрты саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жиналды
Жиналған қауым бір минуттық үнсіздіктен кейін ескерткішке гүл шоқтарын қойды
31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жамбылдықтар бабалардың рухына тағзым етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алдына ардагерлер мен аймақтың атқамінерлері, мәслихат депутаттары және жастар, тағы басқа да ұйым өкілдері жиылды. Бір минуттық үнсіздік жасаған олар бабалар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Қасіретті жылдар тек қазаққа ғана емес, сол уақыттағы Кеңес құрамында болған біршама ұлтқа ортақ қаба қайғының ізін қалдырды. Талай отандастың қабырғасын қайыстырған қаралы күн әсте естен шықпайтынын үлкендер жағы атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталған. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі - 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң.
2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия мұрағаттық зерттеулер жүргізеді. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргінге қатысты барлық тарихи материалды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрыла бастады.
Былтыр әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша 31 томдық құжат жарыққа шықты. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адам ақталды.
Қазақстанда 1929-1956 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 2,4 миллионнан астам мұрағат карточкалары құпиясыздандырылды.