Биыл Таразда 50-ден астам тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 5 жатақхана бар. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Орынбеков айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Қала басшысы «Салтанат» (4) шағын ауданы, №29А, №29Б мекен-жайында орналасқан жатақханалардың жағдайымен танысып, тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Биыл 50-ден астам тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отырмыз. Оның ішінде облыс орталығындағы 5 жатақхана бар. Айта кетерлігі, жатақхананың сыртқы қасбеті мен шатыры жергілікті бюджет есебінен жөнделеді. Ал ішкі жөндеу жұмыстарының шығыны тұрғындардың келісімі бойынша «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы аясында 15 жыл мерзімге бөлінеді. Яғни, тұрғындар кредиттік негізде әр сайын төлеп отырады. Жобалық-сметалық құжаттамалары толығымен әзірленген соң бұл жұмыстары таяу күндері бастаймыз», – дейді әкім.
Сондай-ақ ол жатақханалардың жертөлесіне түсіп, жылу құбырын тексерді. Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы «Жібек жолы» базарына аялдап, қазір мұнда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Әрі қарай шаһар басшысы Байзақ батыр көшесі, №242, 244, 246, Менделеев көшесінің 3-бұрылысы, №15 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын көрді. Қала әкімі аталған аулаларды абаттандыру жұмысын қолға алу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.