Таразда 5 жатақхана жөндеуден өтеді
Жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен және «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асады
Биыл Таразда 50-ден астам тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 5 жатақхана бар. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Орынбеков айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Қала басшысы «Салтанат» (4) шағын ауданы, №29А, №29Б мекен-жайында орналасқан жатақханалардың жағдайымен танысып, тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Сондай-ақ ол жатақханалардың жертөлесіне түсіп, жылу құбырын тексерді. Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы «Жібек жолы» базарына аялдап, қазір мұнда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Әрі қарай шаһар басшысы Байзақ батыр көшесі, №242, 244, 246, Менделеев көшесінің 3-бұрылысы, №15 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын көрді. Қала әкімі аталған аулаларды абаттандыру жұмысын қолға алу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.