Таразда қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жалғасуда
Таразда қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жалғасуда
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен әкімшілік ғимараттар мен кәсіпкерлік нысандарды аралап, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Тараздағы қаңтар оқиғасы салдарынан алты мемлекеттік ғимарат (облыс әкімдігі аппаратының, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының, полиция департаментінің, қалалық полиция басқармасының үш ғимараты) зардап шекті. Бүгінде оларды қалпына келтіру жұмыстарына 720 адам, 48 бірлік техника жұмылдырылған.
Қазіргі таңда облыстық полиция департаментінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Облыс әкімі Жедел басқару орталығындағы жұмыстарды ақпан айының соңына дейін аяқтауды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларының маңыздылығын атап өтті.
Тараз қалалық полиция басқармасында жөндеу жұмыстары 80 пайызға аяқталып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілелері жүргізілуде. Келесі аптада мұндағы қызметкерлер өз кабинеттеріне көше бастайды.
Тараз қалалық полиция басқармасының №1 полиция бөлімшесінде терезелер, есіктер, жылыту және сумен жабдықтау жүйелері ауыстырылуда.
Мердігер «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС Тараз қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында қайта жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтаған.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында барлық терезелер мен есіктер, шатырлар мен инженерлік желілер ауыстырылып, қасбеттері жөндеуден өтеді. Аймақ басшысы ғимараттың тарихи келбетін сақтауға айрықша назар аудару керектігін баса айтты. Орталық алаңдағы барлық нысандар бірыңғай үлгіде болуы тиіс.
Бердібек Сапарбаев «Таразстрой-2004»ЖШС-не облыс әкімі аппаратының ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын ақпан айының соңына дейін аяқтауды тапсырды. Жауапты тұлғаларға жұмыстың барысы мен сапасын қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.
Аймақ басшысы сондай-ақ зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысын да тексерді.
Облыс бойынша барлығы 25 шағын және орта бизнес субъектілері зардап шеккен десек, олар қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеуде. Кәсіпкерлікке келтірілген шығынды өтеу шаралары басталған.
Анара Матчанова.